Гүлжан Қуандыққызы ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің қолынан алған «Үздік педагог» куәлігі 21 жылдық ұстаздық өтіліндегі ең үлкен жетістігі екенін айтты. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева Г.Тұржігітованың еңбек жолымен, жетістіктерімен, білім додаларында оқ бойы озық көрініп жүрген шәкірттерімен таныстырды. Г.Тұржігітова Н.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясы бойынша тәжірибесін тарату мақсатында брошюралар шығарды. «Қазыналы Қадыр әлемі» атты Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын оқытудың тәрбиелік мәнін ұғындыратын әдістемелік кітаптың авторы.
«2017 жылдың үздік педагогы» атағына республика бойынша 48 ұстаз ие болса, оның 3-еуі Жайық өңірінен. Г.Тұржігітовадан бөлек, Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатының география пәнінің мұғалімі Айсәуле Сидарова, Орал қаласындағы № 34 «Балбұлақ» бөбекжайының тәрбиешісі Айдана Сағидуллина үздіктер қатарына еніп отыр. Педагогтар қауымы үшін ең жоғары мәртебелі атаққа ие болғандар сапында Ақмола (3), Ақтөбе (3), Алматы (3), Атырау (2), Шығыс Қазақстан (2), Жамбыл (3), Қарағанды (3), Қостанай (3), Қызылорда (2), Маңғыстау (3), Павлодар (3), Солтүстік Қазақстан (3), Оңтүстік Қазақстан (2) облыстарының, Алматы (3) және Астана (3) қалаларының, Назарбаев зияткерлік мектептерінің таңдаулы өкілдері бар.
Тамыз айында үздік ұстаздардың жұмысы республикаға жіберіліп, қыркүйек айының соңында қорытындыланды.