Бәрі де университетіміздің қоғамдық өміріне белсенді араласуға ұмтылып тұрған талапты студенттер. Олардың арасында “Алтын белгі” игерлері, халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері мен әл-Фараби олимпиадасының жүлдегерлері де бар. ҚазҰУ жылдағыдай білім гранттарының саны бойынша көш бастап тұр.
“Студенттік қатарға қабылдау” салтанаты 1-курс студенттерінің шеруімен басталды. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен іске асырылатын “Айналаңды нұрландыр”, “Культ здорового тела”, “Al-Farabi university — smart city”,“100 кітап” жобалары қойылымдар арқылы таныстырылды. Бұл шара студент атанып отырған жастарға университет тынысы мен студенттік өмірді толықтай таныстырып өтті. Сондай-ақ университет басшысы студенттерді құттықтап, оларға ресми түрде ID карта мен Білім кілтін табыс етті.
Жүз жиырма жұп дәстүрлі алғашқы студенттік вальс билеп, соңы әдемі би кешіне жалғасты. Осы кештің басты кейіпкерлері, яғни бірінші курс студенттері мен олардың куратор-эдвайзерлерінің әсерін білейін деп сөзге тартып едік.
Заң факультетінің 110-топ студенті Исабеков Ерәділдің жауабы: “Кеш өте керемет болды. Өзім “100 кітап” қойылымында өнер көрсеттім. Тобымыздағы барлық студент бұл шараға белсенді қатысты. Бәрімізге ерекше ұнады. Еліміздегі көшбасшы университетте оқитынымызға бүгін тағы да қуанып тұрмыз”.
Осы топтың жетекшісі, “Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы” кафедрасының аға оқытушысы Гүлнұр Худайбердинаға да кеш ерекше ұнаған сияқты. Ол: “Биыл студенттер жылдағыдан біршама көп, сондай-ақ басым бөлігі түрлі ұйымдарға кіріп, жұмысты бастап кеткен. Олардың белсенділігі бізге де шабыт сыйлайды. Ал студенттер қатарына қабылдау салтанатына келер болсақ, ҚазҰУ студенттерінің көшбасшы екеніне дәлел болатын, жоғары деңгейдегі кеш болды деп ойлаймын”,- деп өз пікірін білдірді.