Елордада элиталы, көздің жауын алатын мейрамханалар жетерлік. Тек, қазір олардың көпшілігі қаңырап тұр. Сондай желілердің бірінің директоры Александр Рассказов девальвациядан кейін бизнестің тығырыққа тірелгенін айтады.
«Девальвация кесірінен адамдар ақшасын санап, үнемдеуге көшті. Мейрамханалардың орта чегі 30 пайызға қысқарды. 2015 жылы клиенттер сәл азайса, 2016 жылдан бастап тіпті күніне бірен-саран адам келеді»,-дейді ресторатор Александр Рассказов
Алайда клиенттер үнемшіл болып кеткен жоқ. Тұтынушылар мейрамханаларда тамақ бағасының аспандап кеткенін айтады. Ал рестораторлар бағаны өсірмесек, тақырға отырамыз дейді.
«Иә, кей тағамның бағасын 10-15 пайызға қымбаттаттық. Себебі біздің мәзірдегі астың жартысынан астамы импорттық азық-түлікпен дайындалады. Ал импорт 70 пайызға шарықтады. Шамамыз келгенше шеттен келетін тауарды отандық өніммен алмастырып жатырмыз, бірақ Жерорта теңізінің балығы мен Балтық асшаянын Қазақстанның қай жерінен табасыз?!»,-дейді ресторатор Александр Рассказов
Ал сарапшылар дағдарыстан аман шығу үшін кейбір «хай класс» мейрамханалардың орта деңгейліге өтуі керектігін айтады.
«Нарықта қалатындар: тауарларының өзіндік құндарын төмендете білгендер, баға саясатын тиімді пайдаланып маркетингтік жүйені жүзеге асырғандар ғана бәсекеге төтеп бере алады. Қазіргі уақытта тікелей бәсекеге төтеп беретін пайызбен шаққанда 30-35 пайыз кәсіпорын ғана қалады деп айтуға болады»,-дейді экономист Бауыржан Искаков
Банкрот қаупі төнгендердің дені мейрамхана ғимаратын АҚШ валютасымен жалға алғандар екен. Доллар шарықтай берсе, өзге де кәсіпкерлер қарызға батып қаламыз ба деп қорқып отыр.