«Ресей Президентінің шақыруымен Сочиге келіп, екі күннің ішінде көп жиындарға қатынастық. ТМД мемлекеттерінің жиналысы болды. Оған қоса Еуразиялық экономикалық одақтың жиналысында көптеген мәселелерді шештік. Әсіресе, цифровизацияға қатысты бірқатар сұрақтар талқыланды. Болашақта Қазақстан, Ресей, Беларусь бірігіп, осы бағытта бірге жұмыс істейтін болдық. Келесі жылдың бірінші тоқсанында біздің ортақ бағдарламамызды әзірлеу үшін үлкен форум өткіземіз. Ол өте дұрыс», — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ел Президенті өз сөзінде жақында «Цифрлы Қазақстан» атты кеңес өткізгенін, соған байланысты тиісті тапсырмалар берілгенін атап өтті.
«Екіншіден, мұндағы Германияның ең үлкен компаниясымен кездесуіміз маған өте үлкен әсер қалдырды. Мен оларды Қазақстанға шақырдым. Әлемдік трендтен еліміз қалып қалмауы үшін компания сарапшылары бізбен бірге осы маңызды жұмысты жүргізетін болады», — дейді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, Ресей басшысы Владимир Путинмен болған жеке кездесуі туралы айтып берді.
«Ресей президентімен болған жеке кездесуде көп мәселелерді шештік деп айтпаймын. Ресей біз үшін басты серіктес. Бізде ешқандай мәселе жоқ. Жоғары деңгейдегі кездесулерде жиі кездесеміз. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде. Тәуелсіздіктеріміздің 25 жылдығын біз достықта әрі ынтымақтастықта атап өтеміз. Кездесуде екі сұрақты талқыладық: негізгісі — Қазақстан Байқоңыр арқылы Ресеймен бірге ғаламдық мемлекетке айналайын деп тұр. Себебі, 2022 жылы «Бәйтерек» деген біздің жобамыз іске асырылатын болады», — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің айтуынша, жоба аясында Қазақстан ғарышқа ұшу арқылы осы бағытта өз бетімен жұмыс атқаратын мемлекеттердің бірі болмақ. Өйткені, Қазақстанда қазіргі таңда төрт спутник жұмыс атқарып тұр. Басқару пункті бар. Президент өз сөзінде жаңа аумақта зымырандарды ұшыру жұмысымен айналысып, отандық кадрларды даярлау жүзеге асырылатынын жеткізді.
«Екіншіден, Өзбекстанның өтініші бойынша біз Қазақстан арқылы ол жақтағы мұнай өңдеуші зауытқа мұнай жеткізуіміз керек. Бұл үшін жұмыс атқарып, өзбек достарымызға қолдау көрсетуге әзірміз. Бұл да өте маңызды», — дейді Қазақстан Президенті.
Ел Президенті сондай-ақ, көлік жолдары бойынша сұрақтар қаралғанын жеткізді.
«Батыс Қытай — Батыс Еуропа бағыты бойынша Қазақстандағы 2800 шақырымдық автокөлік жолының құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді Қазақстанның шекарасынан Орынборға дейінгі 150 шақырымдық аумақ қалды. Бұдан кейін бұл жол Еуропаға тартады. Бұл жол контейнерлердегі жүкті Қытайдан Еуропаға 15 күнде апарады. Теңіз жолымен үш есе ұзақ уақытта жетер еді. 2020 жылы Қазақстан аумағы арқылы 2 млн контейнер жүретін болады», — деді Мемлекет басшысы.
Президент кездесулер барысында сонымен бірге трансконтиненттік медиамагистральдерді өткізу жұмысын талқылағанын, бұл байланыс Еуропа мен Азияны жалғастыратынын айтып өтті.