Қыз алып қашу — үйлену ғұрпының бір түрі. Бұрындары ата-бабаларымыз балаларын өзара атастырып, кейін күйеу жігіттің қалың мал беруге шамасы келмесе, қызын өзара келісіммен алып қашуға рұқсат берген. Ата-анасы қарсы болған қыз бен жігіт те екеуара ақылдасып, саналы түрде алып қашуға баратын. Уақыт өте келе аталған дәстүр жабайы сипат ала бастады. Қызды келісімін алмастан, баса-көктеп алып қашатындар көбейді. Осындай жағдайға тап болған арулар Baribar.kz тілшісіне жан сырын ашып айтып берді. Олардың біразы қазір бақытты, кейбірі кетіп қалмағанына өкінеді. Кейіпкерлердің өтініші бойынша есімдері өзгертілді.
Назгүл, 27 жаста: «18 жасымда алып қашты»
Күйеуім алып қашқанда 18 жаста болдым. Ол менен 8 жасқа үлкен. Көрші ауылдан еді. Біздің ауылда туысқандары бар. Қарындасы Айнұр — менің сыныптасым. Ол кезде 11-сыныпта оқитынбыз. Сүйетін жігітім бар еді. Екеуіміз мектеп бітірген соң, Алматыда оқу оқимыз, үйленеміз деп армандайтынбыз. Біз туралы бүкіл ауыл білетін, «Қыз Жібек пен Төлеген» деп атайтын. (Солардың тағдыры қайталанатынын кім білген?!)
Бітіру кешінен соң қыздар болып Айнұрдың үйіне бардық. Ол мектеп бітіргенімді «жуамын» деп тек қыздарды шақырды. Отырыс көңілді өтіп жатқан. Қыздармен оқушы күндердегі қызықты еске алып, емен-жарқын отырғанбыз. Бір уақытта Айнұрдың анасы мен тағы бір танымайтын үлкен апа бөлмеге кірді. Мән бермегенмін. Бір қарасам қолдарында ақ орамалы бар. Маған қарай келе жатыр! Орнымнан атып тұрдым. Жүрегім тас төбеме шықты. «Керек емес!»-деп айқайлай бердім. Басыма орамал жаппақ болғанда қайта-қайта лақтырып тастаймын. Жылағаныма, жалынғаныма ешкім қарап жатқан жоқ. Екеуі екі қолымнан ұстап алған, жібермейді. Жаңа бірге отырған қыздар да шығып кетіпті. Не керек, алыса-алыса әл-дәрменім таусылды. Бір жағынан «Босаға аттап қойдың, енді кетсең бақытсыз боласың!», «Кетіп қалсаң, абыройсыз атанасың»-деп жүріп екеуі ақыры көндірді. Ең бірінші анамды ойладым. Шынында, қайтып барсам, анама абыройсыздық әкелетіндей көріндім. Әкеме қалай қараймын? Қалдым. Түннің бір уақытында артымнан аға-жеңгелерім келді. Айнұрдың анасы оларға мені өз еркімен келді деп айтқан екен. Жеңгем оның рас-өтірігін сұрады. «Қалмаймын десең, алып кетемін»,-деді. Жұрттың сөзінен қорықтым. Оның үстіне анамның жүрегі ауыратын еді. «Рас»,-дей салдым… Ертеңінде естідім, жігітім өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қайта бауыры дер кезінде көріп, аман алып қалған екен. Ол мені сұрап үйіме барған. Жеңгем өз еркіммен кеткенімді айтыпты (көңілі босады)… Ата-анам балалы болғанша ренжіп жүрді.
Қазір үш ұлым бар. Ішімде өкініш болса да, балаларым үшін бәріне көніп жүрмін. Бақыттымын дей алмаймын, бақытсызбын деуге де болмас. Үш балапаным аман болсын, бастысы…
Марал, 24 жаста: «Босағада жатқан әжеден аттап кеттім»
Ол кезде студент едім. Ауылға қысқы демалысқа келгенмін. Жаңа жылды атап өтпек болып, ауылдағы барлық жастар бір үйде бас қостық. Үйге қайтар кезде ол мені көлігімен жеткізіп тастауды ұсынды. Үй алыста болатын. Күн де суық. Келістім. Көліктің арт жағына отырдым. Жаныма оның сыныптас қызы мен досы отырды. Олармен қатты араласпайтынмын. Бір уақытта «үйге барып, бензинге ақша ала салайыншы»,-деді. Ойымда түк жоқ. Үйіне жеткенде екі сыныптасы да бірге көліктен түсіп кетті. Ішімнен «Үйлерінде той болып жатыр ма?»- деп ойладым. Ауласында музыка қосылып, абыр-сабыр адам көп жүрді. Көлікте отырғанмын. Бір уақытта жеңгелері «О, келін келді!» — деп көліктің есігін ашты. Қолдарында орамал… Түспеймін дегеніме қарамастан, күштеп тартып түсіріп алды. Жеңгелері жас еді. Сырттай танитынмын. Қарсыласып, орамалды басыма таққызбастан, алыстым. Айқайладым. Бір жеңгесін омбы қарға итеріп жібердім. Сол кезде басқа әжелер де қосылды. Мені жан-жақтан жұлқып жүріп, үйге кіргізіп алды. Бірақ алысуымды тоқтатпадым. Сол кезде көзімнен бір тамшы жас та шыққан жоқ. (Қалмайтыныма, қайткен күнде де кететініме сенімді болған шығармын). Бетбақтанып ұрсыстым. Бір әже шыдамады-ау деймін, бетімнен тартып жіберді… Көндіре алмады бәрібір. Олар да шаршады, мен де шаршадым. «Кетемін десең, кет! Бірақ мені аттап өтсең, өмір бойына жалғыз қаласың! Қарғыс атады»,-деп, бір әже босағаға барып жатып алды. Бар ойым кету болатын. Бір Аллаға сыйындым да, әжені аттап кеттім…
Үйге барғанда анамды көре салысымен, ағыл-тегіл болып жыладым. Көз жасым тоқтар емес. Анам шошып кетті. Не болғанын айттым. «Дұрыс істедің»,- деді. Ол — өте ақылды адам. «Адамның бағы бір кемпірге байланып тұрған жоқ. Сен оларға зиян жасамадың, Алла өзі жар болсын!»,-деді. Біраз уақыт әкеме қарай алмай жүрдім. Бірақ олар менің бетіме ешқашан басқан емес. Ауылдастарым? Олардың сөздері мені қызықтырмайды. Есесіне, қазір сүйген адамыммен біргемін. Ол менің бір кездері алып қашылған қыз екеніме қараған жоқ. Сенді. Сыйлайды. Сүйеді. Қызымыз бар. Кетіп қалғаным дұрыс болыпты. Айтпақшы, ол менен кейін тағы бір қызды алып қашыпты…
Жаннұр, 22 жаста: «Алматыдан Семейге алып қашты»
Үш ұйықтасам да бұл оқиға менің басымнан өтеді деп ойламаппын. Осыдан екі жарым жыл бұрын мен де жат жұрттық болып кете бардым…
Ағамның тойына барғанда мені көрген бір жігіт ұнатып қалғанын айтып хабарлама жазып, хабарласып жүрді. Ағамның досы болғандықтан онымен сөйлесуге ұялып, менсінбейтінмін. Қоңырауларын көтермей, хаттарына жауап бермейтінмін.
Арада жарты жылдай уақыт өткенде ол жігітпен тағы бір тойда кездестік. Содан кейін жақсы араласып кеттік. Күнде кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Әрине, қыз бала болған соң, ата-анам күнде қыдырғаным үшін жазалап, бір апта бойы үйден шығуыма тыйым салды. Бірақ бір күннен кейін Марат (жігіттің есімі өзгертілді) менен бір сағатқа шығуымды өтінді. Айтуынша, тосын сыйы бар екен. Ол кезде анам Семей қаласына жол жүріп кеткен болатын. Әкеме қыздармен кыдырып кайтатыным туралы өтірік айтып, сұранып шықтым. Шықсам Марат машинада бір жігітпен отыр. Басында қорықтым. «Қайда барамыз?»- деп едім, «Бір досымыздың баласының туған күні. Соны барып құттықтап қайтайық»,- деді. «Бармайық» деуге ұялып, келістім. Бір уақытта жолдан тағы бір досы машинаға отырды…
Әлі жүріп келеміз. Қаладан шығып бара жатқанымызды байқағанда, досының үйі Первомайкадағы бір ауылда екенін айтты. Бірақ одан да асып кеттік. Содан сезіктене бастадым. Жанармай құюға тоқтаған кезде көліктен түсіп, қайда апара жатқанын сұрадым. Менің қорқа бастағанымды сезді-ау деймін, қолымнан ұстады да: «Мен сені алып қашып бара жатырмын. Сені сүйемін. Бақытты етемін!»-деді. Ойда-жоқта осындай жағдайға тап болғаныма жыладым. Әкеме өтірік айтып кеткенімді, үйден шықпауға сөз бергенімді ойлап жыладым. Содан не керек көлікке қалай отырғызып алғандары есімде жоқ, (сол кезде қатты толқып кеткен болармын) түнгі он екі шамасында Семейге келдік.
Мараттың ата-анасы мені жақсы қарсы алды. Сол кісілердің өтінішімен ата-анама өз еркіммен келгенімді айттым. Анам біраз уақыт өкпелеп жүрді. Тұңғышымыз өмірге келгенде ғана толықтай кешірді. Қазір бір қыз, бір ұлым бар. Аллаға шүкір, бақыттымын! Егер сол кезде мені алып қашпағанда осындай бақытты сезінбес пе едім деп ойлаймын.
Мейіргүл, 38 жаста: «Ол кездерді есіме алғым келмейді»
Институт бітірген соң, 24 жасымда оқу орнының жіберуімен бейтаныс ауылға математика пәнінің мұғалімі болып бардым. Пәтерде тұрдым. Көз тоқтатып қарауға тұрарлық сымбатты едім. Ұжымдағы апайлар әзілдеп: «Сенің тойыңа қашан барамыз»,-деп тиісетін. Ол кезде отбасын құру туралы ойлаған жоқпын. Оқуды жаңа бітірген, желкілдеген жас едім ғой. Бар ойым оқушыларға жақсы білім беріп, үздік оқытушы атану, солайша әкемнің мақтанышына айналу еді. (Әкем өте көңілшек, ешкімге зияны жоқ адам болды. Бірақ көп ішетін. Анам сонысына шыдамады. Ажырасып кетті. Мен әжемнің қолында қалдым. Анамның басқа отбасы бар). Бірақ мен арманымды, жан-дүниемді түсінбейтін адамның жары атандым. Өз қалауыммен емес. Ол мені алып қашты…
Сол күні жұмыстан жай шыққанмын. Журнал толтырып отырып қалдым. Мектептен шыққан кезде бір көлік арт жағымда келе жатқан. Көп көліктің біреуі деп назар аударған жоқпын. Сөйтсем, олар менің шығуымды күтіп отырғандар болып шықты. Ызғытып келіп, жолыма кесе-көлденең тоқтады да, ішінен мен танымайтын еңгезердей екі жігіт шықты, ештеңеге қарамастан көлікке сүйреп отырғызды. Рөлде біреуі отыр. Айқайладым, тырнадым, тепкеніме де қарамады… Үшеуін де танымайтын едім. Жол бойы жалындым. Көз алдым қарауытып кеткенін білемін. Ары қарай есімде жоқ…
Есімді жисам, шымылдықтың ішінде жатырмын. Маған зорлық қылған. Ол кезде мені алып қашты деп емес, зорлықтың құрбаны болдым деп ойладым. Қатты жыладым. Сол кезде бөлмеге бір әйел кірді де: «Жылама, бәріміз де солай келгенбіз. Бақытты болып кетесіңдер!»-деді. Сонда ғана алып қашқанын ұқтым. Үйге қайтуға бетім жоқ. Қалдым. Күйеуімді көрсетті. Енді оның қандай екені маған бәрібір болды. Әкені жерге қаратпау үшін көне бердім… Артынан әжем келді. Маған не істегендерін айтқан жоқпын. «Өз еркіммен келдім»,- дей салдым.
Мені үйдің ауласынан шығармайтын. Бір сөзбен айтқанда, сол үйдің күңіне айналдым. Бірақ арамызда бала болмады. «Бедеусің»,-деп күйеуім қол көтеретінді шығарды. Ішіп келеді де, мені көрсе жауын көргендей жұдырығын ала жүгіретін… Басым жарылды, көзім көгеріп қалды. Енем түк көрмегендей жүре беретін. Бала болса, қоятын шығар деген үмітпен жүре бердім. Бала көтере алмаған әйелдің бәрінде солай болар деп, өзімді кінәлайтынмын.
Бір күні үйге мені алып қашуға көмектескен достары келді. «Қызықтың көкесі» сол кезде болды. Енем үйде жоқ болатын. Күйеуім достарымен удай мас болып қалды. Маған орынсыз ұрынып, қол көтерді. «Бала таба алмайтын әйел керек емес!»,-деп, сүйреп апарып далаға лақтырып жіберді. Қатты жыладым. Бұндай жағдайға тап болардай, кімге не жазғанымды ойладым. Біраздан кейін тағы ұра ма деп қорқып, қораға барып тығылдым. Қанша сағат отырғанымды білмеймін, үйге кірсем, достары кетіп қалыпты. Күйеуім ұйықтап жатыр екен. Дереу заттарымды жинадым да, азын-аулақ ақша алып, кетіп қалдым.
Өз үйіме келгенде әкем ештеңе демеді. Түріме қарап, бәрін ұққан сияқты. Кейін ажырастық. Мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Біраз жылдан кейін әкем өмірден өтті. Көп ұзамай әжемнен де айырылып қалдым. Содан кейін Алматыға көшіп кеттім. Тірнектеп жиғаным, әкемнен қалған мал-мүлікті сатып, қаланың шетінен бір бөлмелі пәтер алдым. Жаңадан ашылып жатқан балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа кірдім. Жалғызбын.
Самал, 22 жаста: «Ұзатылып шыққанда ғой…» деген арман қалды
Жолдасыма тұрмысқа шықпай тұрып, бір жылдан аса уақыт қыз бен жігіт болып кездестік. Екеуміз бір-бірімізді төрт жылдан аса уақыт танитынбыз. Салеміміз түзу, көрген жерде хал-жағдайымызды сұрап тұратынбыз. «Сіз-біз» деп жүргенде арамызда махаббат оты тұтанды. Осылайша жақын араласа бастадық. Шыны керек, мен үнемі өзімді сәукеле киіп, бұрымымды өріп, қып-қызыл көйлекпен ұзатыламын деп елестететінмін. Бірақ қиялым бір күнде қыршынынан қиылды ғой (күліп). Жігітім алып қашып кетті!
Алайда жолдасымның алып қашқанына ешқашан ренжіген емеспін. Тек іштей «Ұзатылып шыққанда ғой…» деген арман қалды. Қазақта «Жаман қыз шашып кетеді, жақсы қыз қашып кетеді» деген жақсы сөз бар ғой. Кейде өзімді солай жұбатып қоямын (күліп).
Оқиғаны басынан бастап баяндап берейін. Жігітім өзінің үй ішімен таныстырғаннан соң, арада біраз уақыт өтіп мен де болашақ жұбымды ата-анаммен таныстырдым. Ана жүрегі бәрін сезеді дейді ғой. Сол кезде анам: «Қызымызды келесі жылы ұзатып аласың. Осы жылы алып кетіп отырма”, – деп қайта-қайта айтқан. Қазір қарап отырсам бір нәрсені сезіп айтыпты ғой.
Сонымен күнделікті жұмысқа келетін уақытта офиске қарай бара жатқанмын. Бір кезде жігітім хабарласып: «Қайдасың? Маған шұғыл түрде Таразға кету керек. Кездесіп сөйлесейік”, – деді. Ойымда ештеңе жоқ: «Жұмыстың есігінің алдында тұрмын. Қазір кірейін деп жатырмын»,- дедім. Сөйтсем ол мені таңертеңнен жұмыс орным жақта аңдып, күтіп тұрыпты ғой. Сонымен не керек, маған: «Осы жерде тұрмын, кел»,- деді. Барсам екі жеңіл көлікпен, достары, аға-жеңгесі тұр. Солай алып қашты ғой (күліп). Аллаға шүкір, қазір тәп-тәтті қызымыз бар. Жолдасыма тұрмысқа шыққаныма ешқашан өкінген емеспін. Ол әркез мені қолдап отырады.
Мақпал Базарбайқызы, психолог:
Қызды алып қашу — ежелден келе жатқан дәстүр, бірақ қазір ол өзгеше сипат алып бара жатыр. Бұрын қыз өз келісімімен қашатын. Оның себебі ұзату шығынына байланысты. Екіншісі – ұрлау. Бүгінде екіншісінің — қыздарды келісімдерін алмастан «басып әкететіндердің» қатары артқан. Маған көмек сұрап келетін қыз-келіншектердің көбі — осы алып қашудың құрбаны болған жандар. Отбасындағы түсінбеушілік, ұрыс-керістің түп-төркіні ерлі-зайыптылардың бірін-бірі жете танымауынан шығады. Кейбір жігіттер бір көрген қызын екінші көргенде алып қашып кетеді. Бұл — қыздың психологиясына үлкен соққы. Анасы бақытсыз отбасының балалары да бақытты болмайды. Осыны естен шығармау керек. Ата-анасының жиі ұрсысуы да баланың психологиясында үлкен із қалдырады, тіпті болашағына да әсер етеді. Сол себепті жігіттерге эгоизмді қою керек. Қыз тұрмысқа шығуға келіспесе, бейбіт жолмен келісімін алуға тырысқан жөн. «Жігіт сүйгенін алады, қыз сүйгені қалады» дегенді арқау ете беруге де болмайды.
Нұрсұлтан Қалқашев, заңгер:
Қыз алып қашу ҚР Қылмыстық кодексінің 125 бабы — адам ұрлау бойынша қаралады. Егер ұрланған адам құқық қорғау органдарына арыз түсірсе, алып қашқан адамға 4-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Қыз кəмелетке толмаса жазасы 7-12 жыл, яғни ауыр болады. Ал адамды ұрлаған соң, оны жібермей ұстап отыруы мүмкін. Ондай жағдайда «Адамды бас бостандығынан айыру» деген тағы бір бапты қарастыруға негіз болады. Бірақ ұрлаған адамды қайтадан босатып жіберген болса, жазаға тартылмайды.
Қызды алып қашқан жағдайда барлығы қыздың таңдауына қалады. Сотқа берсе, ұрлаған адам жазаланады, болмаса қалады. Алып қашты деп сотқа арыз түсіретіндер біздің елде тым аз болса да кездесіп қалады. Қыздың туыстары моральдық шығын талап етіп, істі сотқа жеткізбеуі де мүмкін. Негізі, көп жағдайда қыз өзі қалып қояды.
Бұл тақырып мені де бей-жай қалдырмады. Тағдыр мені де аяған жоқ. Зорлықпен қыз алып қашу оқиғасының құрбандарының бірімін. Жоғары оқу орнын аяқтап, магистратураға түстім. Университеттен келіп, демалып отыр едім есіктің қоңырауы шырылдады. Есікті ашсам түрі албастыдай, басы қалтылдап бір жігіт тұр. Салем, таныдыңба? Екеуміз 1 сыныпта бірге оқып едік қой деп қылжақтап тұр. 16 жыл өткен соң 1 кластағы сыныптас кімнің есінде бар. Танымаймын дедім. Сол кезде сүйреп алып, машинаға тықты. Бар өмірімнің, арманымның тас талқаны шықты. Қыз алып қашқан жігітті адам атын жамылған екі аяқты хайуанға теңеймін. Көрмеген қорлығым жоқ. Ақыры 2 жылдан соң ажырастым. Менің тағдырымды құртқанына өкінем. Ол үйден мені әкем алып шықты. Мен өзіме қол жұмсадым, бірақ өлмей тірі қалдым. Әкеме ризамын. Жанымның жарасын түсінді. Мен үшін туыстарының мазағына да көнді. О заманда бұл заман әкесі алып кеткен не сұмдық деп туыстары әбден күлкі қылды. Жан әкем кешір мені.
ондай еркекты соттау керек
такого мужика надо кастрировать
Ондай менде де болды 18 жаста алып қашты ең жеп көретің жігіт бұрын көрші болған бірақ аяғы 11 жылдансон ажырасып тынық арамызда 3 бала бар оның біреуің қай ағама берген біз сондада уйде жаман турдық
Адамды мал сияқты еркіне қарсы ұрлаған масқара. Тіпті қыздың туыстарын бейхабар қалдыру мүлде адам санасына жат нәрсе, ондай басынуан туған жанұя не болмақ? Туыстарының бетін жерге қаратқан қыз санасында не бар?
Менің ойымша қыз еркіен қарсы ұрланса онда ол не де болса, зорлық көрсе де қарсы шығу керек, Өйткені егер ол көніп қалса осыдай қатыгездік жасаған адам жазаланбайды. Демек мұндай оқиғалар қайталана береді.
Қыз санасына оның қандай жағдай болмасын туыстары бар екенін ұмытпау керек. «Елге не бетімен ораламын» дегеннен, оның өз еркінен қарсы болған жағдай екенін ойлау керек. Бұл жағдайда кім қыздың еш кінәсі жоқ, Туыстары оны түсініп, қабылдауы керек. Адам тағдыры басқа адамнық қолында емес, құлдық заман өтті.
Мені алып қашып кетеді деп мүлде ойламағанмында,менің арманым келісіммен алланың разылығымен өзім ұнатқан жанға ұзатылып шығу,????дəл бүгін болған оқиға ғой,мен жатырм каз өз үйімде интернетте,мені біраздан бері ұнатып жүрген бір жігіт бар еді,мен оны мүлде ұнатпағанмын кездесуге де талай шақыратын ешқашан шықпағам,сыйлықтарын тастап кететін подругаммен беріп,көңілім жоқ сенде ұнатпайм сені өз жолыңмен кетіп өз бақытыңды тап деп көбірет айтқанмын.бірақ əсер етпеді,менің мекен жайымды біліп алды,бір күні оқудан қайтып жатсам мені үй жақта күтіп тұр өмірімде бір рет сол кезде көргем ал негізі инттернетте көріп жүргем,бір сылтау тауып үйге тез кіріп кеттім,себебі ұнатқан жоқпын,сондада қоймады сүймегенге сүйкеліп,талай айттым алланың разылығы үшін менен алыс жүрші рахмет айтамын дегенмін.еш қоймады,содан күні бүгін кешке магазинге шықтым сосын ол мені аңдып жүрген екен шығатынымды білгендей адам негізі сезеді екен мен кетіп жатсам архамда аңдып келе жатқандай жүрегім дүрс болды,сосын бір машина тура алдымда тоқтады арқамнан екі жігіт келіп көтеріп алып кетті.мен қарсылық білдірдім мен қалмайм дедім ба бəрі бір қалмайм дедім сосын үйіне келдік босаға аттап кірген жоқпын аяқ киім шешпеді қинап көтеріп кіргізді,мен айғайладым қалмайм соттайм дедім,мен өзім қаламаған адаммен бақытты болмаймын,бір қыздың бақытын алып күнасын арқаламаңыздар дедім бірақ жеңге апалары қайта қайта орамал жапты 3-4 рет мен жыртып тастадым баланы мақтады отбасын айтады жағдайын айтады жеңгелердің жаттанды сөзі,мен мың жерден бай болсада мысалы ұнатпаған адамыма қалмайтын ем қазір есіктен 100 адам келіп көндірем деседе сол мен қалмайм ақыры өз еріктерімен жіберді.батасын беріп екі жас екі жақта бақытты болсын деді бір ата.шынымды айтсам өте қатты қуандым.мен ондай ырымдарға сенбей болашағыма əсері де тиеді депте ойламайм.негізін қарап тұрсам осы оқиға 2 сағат ішінде болыпты таң қалдым.мен үйден негізінде 6-7 лерде шыққам ғой сөйтсем 1,5-2 сағат ішінде олар мені алып қашып əкепте үлгерді үйге кірсем 9:5 кетсем мяя дедім ғой.алып келіп тастаған кезде бір аға ренжіме қызып балдар қателік қыпты деді.мен айттым мен сіздерге разымын сіздер маған разы болыңыздар дедімді.түсе салып үйге жүгіргенсің ғой????????????сосын инттернетті аша салып еш іздемейтін алып қашып келсе не болады соларды көріп оқып отырғам,сосын осылай жазғым келді.негі олай келісімсіз мал сияқты əкетудің қажеті жоқ.сіздер қалай ойлайсыздар?¿