Басты бетЖаңалықтарБҚО-да психологиялық-педагогикалық...

БҚО-да психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды

Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйлеп, жиналғандарды құттықтады. Одан әрі  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қалетаев, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Ерлан Дәрімов және «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаевалар жылы лебіздерін білдіріп, ізгі істер жарасымды жалғасын табарына сенімін білдірді.

– Биыл «Samruk-Kazyna­Trust» қорының көме­гі­мен біз­дің өңір­ге балалардың спорт және ойын алаңдарын салуға 500 млн теңге бөлінді. Ал ерек­ше мұқ­таждықтары бар бүлдір­шіндер үшін ашылып отырған бүгінгі алаңның маңызы тіпті ерек­ше. Біздің стратегиялық мақ­саты­мыз – мұндай орталық­тар­дың барлығы ерекше білімді қажет ететін балалар мен олар­дың отбасына қолжетімді болуы, — деп атап өтті А.Көл­гінов.

Облыстық білім басқармасы ғимаратты жөндеп, құрал-жабдық сатып әперіп, аумағын абаттандыру үшін қаржы бөлді. Аталған орталық Жайық өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі 150-ден астам балаға арнаулы қызмет көрсетеді. Орталықта тәжірибелі, білікті дефектолог, логопед, тифлопедагог мамандар қызмет ететін болады. Бір айта кетерлігі мұнда көрсетілетін көмек балаларға да, олардың отбасыларына да тегін.

«Дара» қайырымдылық қоры өкілдерінің айтуынша, бұған дейін елімізде осындай 6 орталық ашылған. Облыс орталығында 2 мың 340 бала мамандардың кәсіби көмегін қажет етеді. Аумағы 600 шаршы метр болатын жаңа орталықта дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог секілді мамандар еңбек етеді. Жылына даму мүмкіндіктері шектеулі 200-дей балаға және олардың отбасыларына тегін қызмет көрсетілетін болады