«Oyan» қосымшасын ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің идеясымен Zero To One Labs лабораториясы жасап шығарған.
«2016 жылдың күзінде Асқар Жұмағалиев қазақ тілін кітап оқу арқылы үйреніп жатқанын айтты. Сол кезде кітаптарды мобильді қосымшадан оқып, түсінбеген сөздерінің аудармасын да сол жерден тапқан ыңғайлы болатыны туралы ойымен бөліскен еді. Ол бір жағынан кітапты түсінуге, екінші жағынан сөздік қорын көбейтуге көмектеседі. Осы идеяны талқылай келе, іске асыруға бел байладық. Қазақша-орысша сөздігі бар мобильді кітапхананы жасауға төрт ай жұмсадық»,-дейді Zero To One Labs-тың маркетинг жөніндегі менеджері Марат Шакен.
Қосымшаның басты ерекшелігі — әдеби шығармалардағы күрделі сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріп, оны орыс тіліне аударуында. Кітап оқып отырғанда өзіңізге бейтаныс сөз кезіксе, сол сөздің үстінен ұзақ басу арқылы, түсіндірмесін немесе аудармасын оқуға болады. Егер ол көңіліңізден шықпаса, өз нұсқаңызды ұсына аласыз.
«Oyan» іске қосылғалы бері iOS платформасынан 11 163 рет, Android-тан 27 257 рет жүктелген. Қолданушылар тарапынан сөздікке 1423 аударма қосылған. Оның ішінде Алматы (24%) мен Ақмола облыстары (16%) белсенді. Қосымшаға қызығушылық танытып, өз үлестерін қосушылардың қатарында өзге елдің тұрғындары да бар. Олардың үлесі 4.5%-ды құрайды.
«Қосымшаны жасап болған соң, атауы туралы көп ойланбадық. Бәріміз Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» деген өлеңіне тоқтадық»,-дейді Марат Шакен.
Қосымшадағы кітаптар «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорынан (бұрынғы «Wikibilim» қоғамдық қоры) алынған. Қазіргі таңда онда 169 кітап бар. Атап айтар болсақ, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин, Мұқағали Мақатаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза сынды қазақтың көптеген ақын-жазушыларының айтулы туындыларын табуға болады.