Басты бетАта-аналар кеңесінің...

Ата-аналар кеңесінің өздерінің киім үлгісін енгізуге құқығы бар — Светлана Бахишева

Брифингке спикер ретінде БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы С.Бахишева, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы З.Ғұмарова, облыстық дін істер басқармасының басшысы С.Ғиззатов шақырылды.
З.Ғұмарованың айтуынша, ереже бойынша білім беру саласының зайырлылығы мен білім алушылар арасындағы теңсіздіктерді жою мәселесі ескеріле отырып, мектеп формасына қойылатын негізгі талаптар айқындалған. Аталған ереже және білім заңы негізінде ата-аналар немесе оқушылар мектеп жарғысымен бекітілген талаптарды сақтауға міндетті. Осы орайда биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында облыстың барлық білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналысы өткізіліп, бірыңғай мектеп формасына сақтауға қатысты түсінік жұмыстары жүргізілді.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы С.Ғиззатовтың мәлімдеуінше, біздің еліміз ҚР Конституциясына сәйкес зайырлы мемлекет болғандықтан білім беру жүйесінде екі бағыт қалыптасқан. Бірі — зайырлы білім беру, бұл білім беру жүйесіне мектептер, университеттер жатса, екінші діни білім алу жүйесі, бұған еліміздегі медреселерді, теологиялық бағыттағы білім беретін жоғары оқу орындарын жатқызуға болады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңның 3-бабы 7-тармағында «Ешкім өзінің діни сенім нанымдары бойынша Конституцияда және өзге де заңдарда белгіленген міндеттерді орындаудан бас тартуға құқы жоқ» деп көрсетілген. ҚР кез келген азаматы орта білім алуға міндетті. Соған байланысты қоғамның кез келген мүшесі заңнамада белгіленген талаптарды орындауға міндетті.

Брифингте БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева білім саласындағы нормативтік құжаттар туралы толық ақпарат берді.

— ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылдың 4 қаңтарында бекіткен мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптар ережесінің ІІ тарауының 5-тармағында мектептегі ұлдар мен қыздар формасы, мерекелік, спорттық шараларда киілетін киім үлгісі нақты көрсетілген. Мектепке орамал тағып келу аталған ереженің талабында көрсетілмеген. Көрсетілген киім үлгілеріне ата-аналар кеңесі өздерінің киім үлгісін енгізуге құқығы бар. Әр мектеп бұйрыққа сәйкес, ата-аналар кеңесі немесе қамқорлық кеңесінде мектеп Жарғысын өзгерте отырып, осы үлгіні қабылдай алады. Мектеп формасына қатысты мәселелер туындаған жағдайда мектептің ата-аналар кеңесі талқылайды.  Сондай-ақ, «Білім беру туралы» Заңның 49-бабында ата-аналар мен заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Онда «Ата-аналар білім беру ұйымының Жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» делінген. Сондықтан ата-аналар және өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымдарының талаптарын орындамаған жағдайда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 409-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар, аталған Кодекстің 127-бабы бойынша ата-аналар өздерінің міндеттерін толық орындамаған жағдайда әкімшілік шаралар алынатын болады,-деді С.Бахишева.