Алексей Ни: Рио олимпиадасында басты мақсат — медаль алу емес

Төртжылдықтың басталуына 168 күн қалды. Әзірге Қазақстан спортшыларының еншісінде 12 спорт түрі бойынша 48 жолдама бар. Бірақ бапкерлер жолдама саны бұдан да көп болатынына күмәнданбайды. Ауыр атлетикадан елдің бас бапкері Алексей Нидің уайымы — допинг дауынан абыроймен шығу.

«Біздің құрама алдында барлық олимпиадаларда допинг дауынсыз өнер көрсету мақсаты тұр. Нөмірі бірінші мақсат — дауға қалмау, ал медаль алу — екінші орында», — дейді ауыр атлетикадан Қазақстан бас бапкері Алексей Ни.

Еске салсақ, өткен жылы қазақстандық үш бірдей ауыр атлет тыйым салынған препарат қолданды деп, күдікке ілінді. Бразилияда ел намысын қорғайтын зілтеміршілердің құрамасы маусымда өтетін ел біріншілігінде анықталады.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен жиында олимпиадағы дайындық жайы сөз болып, Қазақстан құрамасының жаңарған формасы сөз болды. Биыл дизайнерлер қалыптасқан көкшіл-сары түстен бас тартып, сарғылт-сұр түске тоқталыпты. Алайда бұл дизайн да соңғы нұсқа емес.