Өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің жұмыс сапары да аталған елді мекенді сумен қамту барысымен танысудан басталды. Алдағы уақытта барлық 430 үй тіршілік нәрімен қамтылмақ. Жобаға 550 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Облыс әкімі күш атасы — Қажымұқанның ауылына да ат басын бұрды. Мұндағы №4 негізгі мектеп үш ауысыммен оқиды. Мәлік Мырзалин тұрғындарды сүйіншілі жаңалықпен қуантты. Келер жылы ауылда 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Астана белдеуін дамытудың кешенді жоспарына сай аймақтың инфрақұрылымын игі өзгерістер күтуде. Мысалы, Талапкер ауылында бір ай бұрын жаңа электр станциясы пайдалануға берілсе, алдағы уақытта ауылішілік жолдар жолдар күрделі жөндеуден өтпек.
Сондай-ақ, облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Экопак Астана» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Жыл басында жұмысын бастаған нысан ағымдағы жылдың қыркүйек айында толық өндірістік қуатқа көшкен. Кәсіпорын қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, өңірдегі құс фабрикаларына қажетті жұмыртқа қаптамаларын шығарады. Өндіріс нысаны айына 2 жарым млн. қаптама өндіреді. Оның 50 пайызы өз құс фабрикаларын қамтамасыз етуге жұмсалса, қалғаны Ақмола облысы мен оңтүстік өңірлердегі құс фабрикаларына жөнелтіледі. Жоба құны 440 млн. теңге. Нысанның әр қызметкерге шаққандағы өнімділігі жылына 40 мың АҚШ долларын құрайды. Облыс әкімі мұндай нысандардың жасыл технологияларды енгізудегі маңызын атап, кәсіпорын жұмысын оң бағалады.
Аудан орталығы Ақмол ауылының жасөспірім тұрғындарына «Самұрық-Қазына Траст» қоры ойын-жаттығу алаңы мен көпфункционалды корт тарту етті. Нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылғандығын атап өтті.
Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Божко жас буынның салауатты өмір салтын ұстануының маңызына тоқталып, мұндай нысандар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде өз үлесін қосарына сенім білдірді.
Иә, Қажымұқан туған топырақтан талай саңлақтың шығары сөзсіз. Мысалы, қазақ хандығының 550 жылдығында 550 рет жерден серпіліп, рекорд орнатқан оқушының қайратына ел болып тамсандық. Әмір — осы ауданның талантты жас өрендерінің бірі.