Оның педагогикалық салада атқарған қыруар еңбектері, орыс тілінен туған тілге тәржімалаған сөздіктері енді қайта қолданысқа енгізілмек. Ұмыт қалған ұлт арысының есімі енді көптің санасына қайта еніп, ұрпағының жадында сақталмақ.
Шараға қатысқан Біржан салдың немересі, Шәрәпи Әлжановтың немере қарындасы Әмина Әлжанова шексіз қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ Алаш қайраткерінің аталас туысы, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов конференция қонақтарына алғыс хаттар табыстады.
Еңбекшілдер ауданы – тұнған тарих мекені, әйгілі Біржан сал дүниеге келген жер. Сондықтан алыстан ат терлетіп келген меймандар ән-жырдың атасы жерленген орынға барып, тағзым етті. Бұдан кейін Сәуле орта мектебі алдына Шәрәпи Әлжановқа арналған бюсттің ашылу салтанаты өтті. Енді алыстан көз салған жанға Алаштың арысы мен мұндалап, бұл жерде қандай тұлғалардың туғанын аңғартып тұрады.
Ауыл тұрғындары түгел бас қосқан бұл тойдың тағылымы мол, берері зор. Өйткені ерім деп ардақтар елі болмаса, Алаш арыстарын кім ұлықтайды?
Айта кетейік, Сәуле орта мектебіне 3 жыл бұрын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Енді, міне, биылдан бастап білім ошағы ұлт жанашырының есімін абыроймен алып жүрмек.