ІІМ басшысы Бурыл ауылындағы жағдайдың тұрақтанғанын мәлімдеді

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жамбыл облысы Бұрыл ауылында кәмелет жасқа толмаған баланың өлімінен кейінгі жағдай тұрақтанды деп мәлімдеді.

15 ақпан күні Жамбыл облысындағы Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы жекеменшік үйде кәмелеттік жасқа жетпеген А.С.Дүйсенбектің зорлық белгілері бар денесі табылды. Аталған факті негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөліміндегі 14-тармақшасы (кәмелеттік жасқа жетпегенді әдейі өлтіру) бойынша тергеу басталды. Келесі күні өз кінәсін мойындаған К. есімді күдікті азамат ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Қылмыстың қайтыс болған баланың отбасының мүлкін ұрлау ісіне байланысты болғанын, яғни тұрмыстық сипатта екені анықталды. Іс бойынша бірқатар сот сараптамалары тағайындалды, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

“Менің ойымша, барлық диаспора және  жергілікті билік басшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізді, әкімдік, құқық қорғау органдары шаралар қабылдауда, қазір жағдай тұрақтанды”, — деді Қасымов журналистерге сенатта.