Бұған медицина саласының алға жылжуы мен бұл салада жаңа технологияларды пайдаланудың тигізген әсері зор, — дейді мамандар. Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі «Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандартының» жобасын әзірлеген болатын. Семинар-кеңес барысында республиканың әр өңірінен келген мамандар аталмыш құжатты жан-жақты талқылап, өздерінің ұсыныстарын ортаға салды.
Семинар-кеңес барысында акушерлік және гинекологиялық көмек көрсету, ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша халықаралық тәжірибелер келтіріліп, өңірлерге тиімді технологияларды енгізу мәселесі сөз болды.
Жиын соңында «Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету стандарты» бойынша топпен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде аталмыш саладағы барлық формаларды бірыңғайлау қажеттігі айтылды. Сондықтан да семинарға келген мамандар бұл стандарттың маңызының зор екенін атап өтті. Дегенмен, әр өңірде әлі күнге дейін толық шешімін таппаған мәселелер кездесіп жатады. Ол негізінен кадр тапшылығы мен заманауи медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігіне байланысты.