Басты бетЖаңалықтарЦифрлы Қазақстан:...

Цифрлы Қазақстан: Көкшетауда жас мемлекеттік қызметшілердің форумы өтті

Онда мемлекеттік қызметкерлердің тіл байлығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және кәсіби білімін жетілдіруге арналған зияткерлік ойындар ойналтылды.

Ел Президентінің Жолдауында экономикалық технологиялық жаңғырту, бизнес-ортаны жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық және адам капиталын жақсарту бағытындағы 5 негізгі басымдық көрсетілген. Алда тұрған мақсат-міндеттердің барлығы «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы-2020» және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларының аясында іске асырылмақ. Сондай-ақ, форум қатысушылары Жолдауда көзделген «Баршаға арналған кәсіби-техникалық білім» жобасын да ұтымды бастама деп отыр.

Жалпы, Қазақстанның үшінші жаңғыруының басты шарты — цифрлы технологияларды қолдау арқылы дамудың жаңа кезеңіне қадам басу. Сол себептен де, елімізде мобильді банкинг, онлайн-сауда және цифрлы қызмет түрлерін дамыту қажет. Бұдан бөлек, коммуникацияның дамуына, ай-ти технологияларды жетілдіруге аса мән берген жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінің экономикалық дамуына ерекше серпін беріп отыр.

Жиында мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп Кодексінің нормаларын сақтауы, қызметін асыра пайдаланбау мәселелері де сөз болды. Атап өтейік, жас мемлекеттік қызметкерлердің форумына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарымен қатар Астана қаласынан келген 150-ге жуық маман қатысуда. Олар екі күн ішінде Елбасының Жолдауы мен Ұлт жоспарын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметкерлердің рөлі жайында пікір алмасып, Бурабай ауданының көрікті жерлерін араламақ.