Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуді дайындау және өткізу мақсатында:
1. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі –Комиссия) құрылсын.
2. Мыналар:
1) «ЕЛ ЖҮРЕГІ — АСТАНА» Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасы;
2) Комиссия туралы ереже;
3) Комиссияның құрамы бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп:
1) екі ай мерзімде Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітсін;
2) Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын өткізу жөніндегі іс-шараларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2017 жылғы 27 қыркүйек
№ 188