Брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының сегіз айындағы қорытындысын жан-жақты айтып берді. Аудан әкімі Асқар Мұратұлының айтуынша, 2017 жылдың қаңтарынан тамыз айлары арасында ауыл шаруашылығында өндірген жалпы өнім көлемі 9,4 миллиард теңгені құраған.
«2017 жылы зеренділік диқандар агротехникалық шараларды ұтымды қолданудың арқасында егін орағын уақытылы аяқтап шықты. Гектар берекесі 17,2 центнерден айналды»,- деді өңір басшысы.
Сонымен бірге, аграрлы ауданда мал шаруашылығына зор көңіл бөлінуде. Жалпы,былтырғы жылмен салыстырғанда биыл ірі қара саны сәл кемігені байқалады. Есесіне, жылқы, қой мен ешкі, шошқа және құс саны артып отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша ет өндірісі 6,1 мың тоннаны және сүт өндірісі 35,3 мың тоннаны құрады. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнімінің көлемі 2017 жылдың сегіз айында 117,5 миллиард теңгеге жетті, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 114,1 пайызды құрады.
Ауданда инвестициялық жобалар да қолға алынуда. Асқар Мұратұлының сөзіне қарағанда, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында, 2016 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына «Блик Терминал» серіктестігінің құс фабрикасы енгізіліп отыр.
«Бұл жобаның құны 1 миллиард теңге бағаланып, 2018 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Кәсіпорынның жылдық қуаты 250 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, ауданда құны 5,4 миллиард теңгеге «Арай Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің каолин өндіретін тау-кен комбинатының құрылысы жүргізілуде. Ауданда кәсіпкерлікте кең қанат жаюда. Оның ішінде биыл қолданысқа берілген «Сөгетті» мейрамханасы мен жаңадан салынып жатқан «Аңсат» қонақ үй кешені және «Бибі Сара» демалыс аймағын айта кеткен жөн»,- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Асқар Мұратұлы сумен қамтамасыз ету, жол және жұмыссыздық мәселесіне де көңіл бөлді.