Көкшетау қаласының әкімі қала тұрғындарын қабылдады

Оған қалалық ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Қабылдауға келген қала тұрғындарының ұсыныс-шағымдарын мұқият тыңдаған шаһар басшысы әр азаматтың өтiнiштерiнiң орындалуына айрықша мән берiп, ол мәселелер бойынша тиiстi тапсырмалар жүктелдi.

Қабылдауға келген Ләззат Қожахметова есiмдi қала тұрғыны пәтерiн жекешелендiруге көмек көрсетудi өтiндi. Қала басшысы қажеттi құжаттар қайта қаралатындығын, барлығы заң аясында шешiлетiндiгiн жеткiздi.

Зейнеткер Антонина Коник «Бастау» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң иелiгiндегi №14 бағыттағы автобус саяжайларға қатынайтындықтан, жүру аралығы сақталмай, жарты сағатқа кешiгiп келетiндiгiн қынжыла баяндады. Коммуналдық сала мамандары бұл мәселе тек саяжай маусымында ғана туындайтындығын, қыркүйек айының соңында автобустар саны көбейетiндiктен, жүру аралығы да жиiлейтiндiгiн жеткiздi.

Қала тұрғыны Айдын Төлеубаева Красный Яр селосында №1 орта мектепке барар жолда жаяу жүргiншiлер жолы орнатылса деген өтiнiшiн бiлдiрдi. Қала басшысы селода жол жөндеуге байланысты бiршама жұмыстар атқарылғандығын тiлге тиек етiп, аталған аумақта жасанды тежеу орнатылғандығын, дегенмен, жол белгiлерiн жаңарту жайы қайта тексерiлетiндiгiне уәде бердi.

Рыскелдi Төлегенова есiмдi тұрғын Ғабдуллин көшесi, 67 үй ауласындағы жолдың асфальтталмағандығын, балалар ойын алаңы мен көлiк қоятын орынның жоқтығын алға тартты.

Қала бойынша 225 ауланың 90-ына жөндеу жүргiзiлген. Қала басшысы абаттандыру мәселесiне қатысты тұрғындар тарапынан өтiнiш көп түсетiндiгiн, алайда бұл жұмыстар алдын ала жоспарға сәйкес бюджеттен бөлiнетiн қаражат көлемiне сәйкес кезең-кезеңмен жүргiзiлетiндiгiн атап өттi.