Басты бетТанымҚазақ тарихындағы...

Қазақ тарихындағы шайқастарға шолу: Орбұлақ шайқасы

Мерзімі: 1643 жыл

Оқиға орны: Қояндытау мен Қатутау арасындағы Орбұлақ шатқалы (қазіргі Алматы облысы)

Шайқасқан тараптар:  Жәңгір сұлтанның қолбасышылығымен қазақтар, өзбектер (Смарқан билеушісі Жалаңтөс әскері), моғолдар, қырғыздардан құралған 600 жауынгер — Батыр қоңтайшының бастауымен жоңғар әскерінің 50 мың жауынгері.

Қатысқан батырлар: Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқ, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтынды.

Әскери тактика: қазақтарда бекініс, 3 шақырымға созылған бекініс, торуыл; жоңғарларда маңдай шабуыл.

Қанша күнге созылды: 3 күн

Адам шығыны: қазақтарда белгісіз, жоңғарларда – 10 000 адам.

Тарихи маңызы

Бұл шайқаста жаңа тактика қолданылды. Сондай-ақ, бүкіл үш жүздің, көршілес қырғыз, өзбек секілді ұлттардың күш біріктіре отырып жасаған әрекеті болды. Орбұлақ ұрысынан кейін екі ел арасында біраз уақыт тыныштық орнады. Батыр қонтайшының жеңілісі Жоңғар мемлекеті ішіндегі алауыздыққа, арты үлкен ішкі бүлікке алып келді.

Өту барысы

1643 жылы Батыр қоңтайшы 50 мың әскерін бастап, Сайран-Нұр көлінің тұсымен таулы төбелер арқылы Жетісуға өтіп, Іле өзені тұсында қазақ көштерін бөліп тастамақ болды. Сондай-ақ, Іле өзенінің жанындағы өздері ойластырған аумаққа Тышқантау, Қояндытау, Алтынемел, Шолақ атты биік таулардың жоталарымен жасырын түрде өтпекші болды.

Олардың бұл әрекетінен қазақ хандығының астанасы – Түркістандағы қауым дер кезінде құлақтанды. Олар аз уақытта шешім қабылдап, Есім ханның ұлы Жәңгірді шағын ғана әскермен Жетісуға аттандырды. Сол арада Самарқан билеушісі Жалаңтөс баһадүрден көмек сұрап үлгерді. Ал, Жәңгір 600 әскерімен жауды тау арасында қарсы алып, көмек келгенше бөгей тұруы тиіс-тін. Дегенмен, ол тек мұны ғана мақсат етпеді. Керісінше, таулы жерді пайдаланып жауға мықты соққы беруді ойлады.

Кей деректерге үңілсек, Жәңгір сол алты жүз сарбаздың әрқайсысын қайда, қалай пайдалануды жақсы білген көрінеді.

«Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айырылған соң, оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан да шабуылдады. Ойламаған жерден болған соққының әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында, мылтықтарының өте сапалы болуынан Батырға қатты соққы берді», – деп сипаттайды Жәңгір бастаған сарбаздардың соғыс әдісін А.Левшин.

Соғыс алаңы қазақ жасағына шынымен қолайлы болды. Ұзындығы 200 метрдей екі биік таудың сілеміндегі тар сай еді. Теңіз деңгейінен 2000-2500 метр жоғары орналасқан. Олардың желке жағында төмен түсуге болатын жер және бірнеше жүз ат орналасуға болатын сай бар. Одан таудың етегімен келе жатқан жоңғарларға шұңқырда отырған қазақ жауынгерлері де, олардың аттары да көрінбейді. Шайқас осы жардың астында басталған. Төтеннен басталған ұрыс кезінде жоңғарлар өздерінің қақпанға түскенін бағамдап үлгерді. Алайда, арт жағынан топырлап әскерлер лек легімен келіп жатты. Оларды тоқтату қиын болды. Ешкім қолбасшы бұйрығын естімеді. Бәрі сай ішінде нығыздалып, сарбаздардың оғынан шетінен мүрдем кетті. Біршама жоңғар аман құтылып шықса да, сыртта қазақ жауынгерлерінің оғынан қаза тапты. Жәңгір сұлтан есін жиып үлгермеген жауға сырт жағынан шабуылдап, винтовкасымен соққы берді. Осылайша, жоңғар жағынан он мыңға жуық адам қырылған.

Адам шығынының аз еместігін байқаған қоңтайшы кері шегінуге мәжбүр болды. Сол аралықта Жәңгір сұлтанға Жалаңтөс Баһадүр бастаған 20 мың қол әскер көмекке келді. Сағы сынған Батыр қоңтайшы жорығының сәтсіздігін түсініп, еліне оралған.