Қазақстанның Орталық әскери оркестрі әскери оркестрлердің бесінші халықаралық фестиваліне қатысып жатыр

Қытайда Наньчан көтерілісінің тоқсан жылдығы мен Қытай ұлт-азаттық армиясының (ҚҰАА) құрылуына орай он екі мерейтолық іс-шара өткізді. Әскери оркестрлердің бесінші фестивалі аталған бағдарламалардың тізіміндегі соңғы шара болып табылады. Оны Наньчан ұлттық үкіметі мен қытайлық музыканттар одағы үрмелі оркестрлерінің ассоциациясы ұйымдастырды.

Әскери оркестрлердің алғашқы фестивалі Наньчан қаласында 2006 жылы өткен болатын. Оған әлемнің он тоғыз шетелдік әскери оркестрі қатысты. Олардың жалпы саны он алты елінен бес мыңға жуық әскери музыкантарды құрайды.

Фестиваль мәртебесінің артуына байланысты әлем елдердің әскери музыканттары арасында тәжірибе алмасудың маңызды алаңдардың біріне айналды. Фестивальға еліміздің әскери музыканттарынан басқа Аустралия, Мысыр, Италия, Канада, Мексика, Жаңа Зеландия, Ресей, АҚШ, Украина, Швецияны қоса есептегенде 11 елдің әскери оркестрлері қатысты.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық әскери оркестрі бұл байқауға екінші рет қатысып отыр. Оркестр әр жыл сайын көпшілікке танылып жүр. Олар Орталық әскери оркестр әскерлер парадына, сондай-ақ республикамызда өтетін барлық қоғамдық маңызды іс-шараларға, «Әскери керней», «Труба мира», «Спасская башня»  «Астана самалы» секілді халықаралық фестивальдарға ұдайы қатысып отырады.

Естеріңізге сала кетейік, әскери оркестрлердің VІ халықаралық «Әскери керней» фестивалі ағымдағы жылдың 22 маусымында Астана қаласында еліміздің ішкі істер органдарының 25 жылдық мерейтойына орай өткен болатын.

Оған еліміздің маңдай алды әскери оркестрлерімен бірге көрші Қытай мен Ресейдің үздік әскери өнер ұжымдары қатысты. Атап айтар болсақ, байқауға іріктеу сындарынан сүрінбей өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үздік деген әскери оркестрлері өнер көрсетті. Олардың қатарында Ұлттық ұланның үлгілік көрсетімді оркестрі, Әскери институттың әскери оркестрі, Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери оркестрлері бар.

Сонымен бірге фестивальдің ақтық өнер кешінде Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысты. Өнер додасының көркін шет елдерден келген Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Орал округы штабының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қарулы полициясының оркестрі қыздырды.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде 22 штаттық әскери оркестрлер өз кәсіби қызметін атқарады. Әскери оркестрлердің негізгі мақсаты – жеке құрамды әскери-патриоттық және мәдени тұрғыдан тәрбиелеу, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқаруды насихаттау, әскери салт-дәстүрлерді қамтамасыз ету және концерттік қызмет. ҚР ҚК Әскери-оркестрлік қызметіне жүктелген негізгі міндеттердің бірі – штаттық әскери оркестрлердің кәсіби қызметіне әдістемелік жетекшілік ету. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің осы күнгі өмірі мен оқу жұмыс күндерін сипаттайтын жаңа шығармалар мен аранжировкаларды жасау жөнінде еліміздегі кәсіби және көркемөнер компазиторларымен жұмыс жүргізіледі.

ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық әскери оркестрі осы уақытқа дейін Fahrradmusikkorps Creshendo (Голландия), Bursa Uludag Mehter Band (Түркия), The Hague Highland Pipe Band (Шотландия),  Militarmusukkorps Odessa (Украина), Trachtenkapelle St.Barbara (Германия), Garnisonsorchester Krakov (Польша), Musikverein Freistadt Rust (Австрия), Tilburg Pipes and Drums (Шотландия),  Musikkorps Amigo (Голландия), Militarmusikkorps Perm (Ресей), Bayernsoinorchester (Германия), Fanfare du 27eme Bataillon (Франция) сияқты әр елдің оркестрлерімен бірлесіп концерттік қойылымдар өткізген.

Үрлемелі аспаптар оркестрлерінің Х «Іnternationalen musikparade» халықаралық фестивалінде фестиваль директоры Томас Марсен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрінің жоғары кәсібилігіне жоғары баға берген еді.

ҚР ҚК Әскери-оркестрлік қызметі істерінің негізгі бағыттары:

  • әскери дирижерлер мен музыканттардың арнайы дайындық деңгейін көтеру;
  • бөлімдер мен құрамалардың, орталық ұжымдардың әскери оркестрлерінің әскери жастарды әскери-патриоттық және мәдени тәрбиелеуге бағытталған белсенді шығармашылық қызметі;
  • Оркестр бастықтары – әскери дирижерлерді даярлау және оқу-әдістемелік жиындар өткізу;
  • Қазақстан мен басқа елдердің шығармашылық ұжымдарымен және ұйымдарымен өзара қатынасты дамыту;
  • ҚР ҚК әскери оркестрлерінің үрмелі аспаптар оркестрлерінің Халықаралық және Республикалық фестивальдеріне, әскери шерулерге, жауынгерлік шерулер мен басқа да мемлекеттік маңызы бар салтанатты іс-шараларға қатысуы.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі шығармашылық ұжымдарының бірі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық әскери оркестрі Қорғаныс министрінің 1995 жылғы 8 қарашадағы Директивасына сәйкес құрылған болатын.  2012 жылы ҚР ҚК Әскери-оркестрлік қызметі мен ҚР ҚМ Орталық әскери оркестрі Алматы қаласынан Астана қаласына көшірілді. Осы күні ҚР ҚМ ОӘО-ның қатары кәсіби музыканттармен толығуда, қызметтік-саптық және концерттік репертуарды үйрену бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әлемдік музыканың үздік дәстүрлерін сақтай отырып, басқа елдер компазиторларының музыкаларын көпшілікке тарата отырып, ҚР ҚМ Орталық әскери оркестрі қазақ ұлттық әуеніне негізделген музыкалық шығармаларды тудыруға, оркестр құрамына ұлттық үрмелі және соқпалы аспаптарды қосуға мүмкіндік жасайды, Қазақстанның қазіргі композиторларының көбімен бірге белсенді қызмет істейді.

ҚР ҚМ Орталық әскери оркестрі респуликада өтетін қоғамдық мәні бар барлық іс-шараларға тұрақты түрде қатысып қана қоймай, ҚР ҚК Әскери-оркестрлік қызметінің оқу-әдістемелік орталығына да айналды деуге болады. Әскери дирижерлер мен музыканттар қазақстандық өнерді насихаттау ісіне зор үлес қосуда. Олардың табысты және игілікті істерінің арқасында ҚР ҚМ Орталық әскери оркестрі мемлекетіміздің ең үздік шығармашылық ұжымдарының бірі ретінде танылды. Концерттік қызмет, Қазақстанның қазіргі композиторларының шығармаларын көпшілікке тарату оркестрдің шығармашылық жұмысында үлкен орын алады. Оркестр өз жұмысының барысында басқа мекемелердің ұжымдарымен, музыканттарымен және дирижерлерімен тығыз шығармашылық байланыс қалыптастырды. Бүгінде оркестрде еңбек келісімшарты бойынша және келсімшарт бойынша әскери қызметтегі музыкант-орындаушылар мен дарынды жастар қызмет атқарады. Ұжымның әрі қарайғы шығармашылық жоспарлары өте кең және әр алуан.

Олар өміріміздің ажырамас мәдени факторына, Армияның ғана емес, сонымен бірге, еліміздің нышанына айналды. Әскери оркестрлердің музыкасы жауынгерлердің жауынгерлік рухын ұстап тұру үшін үлкен мәнге ие екенін айта кету қажет.