Жетістіктері:
- И.Тайманов пен М.Өтемісовтың дәстүрлі турнирінің алтын медаль иегері;
- КСРО спорт шебері Еділ Ешекеновті еске алуға арналған халықаралық дәстүрлі турнир жеңімпазы;
- Ақтөбе облысында бокстан халықаралық дәрежедегi спорт шебері Бауыржан Ақшолақовтың құрметiне арналған XVII-шi ересектер арасындағы халықаралық турнир жеңімпазы;
- Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Бокс — Қазақстанда өте жақсы дамыған спорт түрі. 11 жасынан бері осы спорт түрімен шұғылданып келе жатырмын. Бокс үйірмесіне сыныптас досым ертіп апарды. Оған дейін каратеге қатысып жүрдім. Бірақ, сыныптағы достарым боксқа қатысып жүрген соң менің де барғым келді. Содан бері боксты жақсы көремін.
Биылдан бастап ересектер командасына өттім. Осыған дейін жасөспірімдер чемпионаттарына шықтым. 19 жасымда «Қазақстан Республикасы Спорт шебері» атағын алдым. Бұл — мен үшін үлкен жетістік. Бізде осы атақты беру үшін арнайы турнир өткізілді. Менің салмағымда 16 адам таласқа түстік. 4 күн жарыс болды. Төрешілердің шешіміміен 3 раунд бокстасып, 4 кездесудің барлығын ұттым. Ұмытпасам, финалда астаналық боксшымен кездестім. Сөйтіп, жеңіске жетіп, бұл атақ маған бұйырды (күлді).
Әр салада үйреткен ұстаздар болады. Мені осы салада шыңдап, барлығын үйретіп жүрген жаттықтырушым — ҚР Еңбек сіңірген бапкері Бейсекенов Ерболат. Ағайымнан үйренерім әлі көп. Қандай жетістікке жеткенде де, ұстаздың есімі ойға бірінші оралады.
«Салмақ қууда қиналмаймын»
Көбісі «салмақ қуған қиын ба?» деп сұрап жатады. Бірақ, салмақ қуу — мен үшін қиын емес. Өйткені, өзім 64 кг салмағымда бокстасамын. Ал таза салмағым — 64-66 кг. 1-2 кг спортта салмақ қуу саналмайды. Сол үшін де көп қиналмаймын (күлді).
Үлгі тұтар боксшым — марқұм Бекзат Саттарханов. Одан бөлек Серік Сапиев, Бақтияр Артаевтың рингтегі соққыларына қызыға қараймын. Көп нәрсені үйренуге тырысамын. Спортта бәсеке болғаны дұрыс. Біз жеңімпаз болу үшін жарысамыз ғой. Өз салмағымда (64 кг) ресейлік Витальй Дунайцов деген жақсы боксшы бар. Соны ең мықты қарсылас санаймын. Ал еліміздегі мықты деп санайтын қарсыластарымның бірі — Бекдәулет Ибрагимов.
«Ең алғашқы қатысқан жарысымда жеңіліп қалдым»
Бокстағы ең алғашқы жекпе-жегім 2010 жылы Орал қаласында өтті. «Достық-Дружба» атты халықаралық турнир болды. Бірақ, мен жеңіліп қалдым (жымиды). Ең алғашқы жарыс болған соң қатты ыңғайсыздандым. Оның үстіне 10-15 бала барып, ішінде жалғыз мен ғана орын алмадым. Алайда, үйдегілер, бапкерім үлкен қолдау білдірді. Намысқа тырысып, содан бері кездесулердің барлығында жүлдемен қайтып жүрмін.
Өмірімде ең ауыр болған кездесуім 2014 жылы Ресейдің Астрахан қаласында халықаралық турнир кезінде болды. Дағыстандық боксшымен кездесуде алғаш рет нокдаун алып, ары қарай кездесуді жалғастырдым. 3 раундқа дейін бокстасып, ақыры ұттым. Сол жекпе-жегім әлі күнге дейін есімнен кетпейді (жымиды).
Жиі қолданатын соққым — джеб-джеб. Яғни, алдыңғы қолмен екі рет соғу. Бокста алдыңғы қолдың көмегі көп. Сондықтан, көп соққыны алдыңғы қолыма жұмсаймын.
«Ересектер арасындағы боксқа енді келдім»
Бұл салада спортшыларға үлкен қолдау көрсетеді. Облыстың өзінде миллиондап ақша бөледі, балаларға жалақы төлейді. Көбісі де сол үшін қызығатын болар. Басқа спорт түріне қарағанда, бізде бокспен айналысатындар көп қой. Бірақ, мен сол жалақыны алып көрмеппін әрі қызықпаппын да (күлді).
Бокстасатын балалардың бәрімен доспын. Біз рингте төбелескенімізбен, өмірде шынайы доспыз. Бокс — рингтің ішінде ғана болады.
Спорттағы басты мақсатым — Олимпиада ойындарында, әлемдік жарыстарда чемпион атану. Ересектер арасындағы спортқа енді кірдім. Осыған дейін жасөспірімдер арасында жарысып жүрдім. Ендігі жоспар — Олимпиадаға дейінгі жарыстарды ұту. Соған жұмыстанып жатырмын.
Сұхбаттасқан және суретке түсірген Айзада Жайыққызы
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Жарайсын,Данат!
Біздің мақтанышымыз!