Алматыдағы Depo Evolution Park-те жастардың лофт-орталығы жұмыс істейді

Жаңа лофт-орталықта жастардың жиырма бес үкіметтік емес ұйымдары түрлі іс-шараларды ұйымдастырады. Олардың тұрақты жұмыстарына үш мыңнан астам адам тартылады деп жоспарланған.

«Жастар саясаты саласы қаланың барлық жастарын өзінің айналасына шоғырландыратын осындай орталыққа мұқтаж болатын. Жыл сайын жастардың жалпы саны артып келеді. Түрлі форматтағы шалалар да жиі ұйымдастырылып жатыр. Лофт-орталықта жас адам қажетті барлық ақпаратты алады және өз мақсатын жүзеге асыру үшін тиісті қолдау да табады»-, деді қаланың Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Шыңғыс Бескемпіров.

Depo Evalution Park
©Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Лофт-орталық тәулік бойы қызмет ететін болады.

«Алматы – жастардың қаласы. Әр үшінші студент біздің қаламызда оқиды. Енді жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған орталығы бар. Бұнда жаңа адамдармен танысып, отбасылық демалысты да өткізуге болады. Жастардың лофт-орталығы креативті адамдардың бас қосатын орталығына айналуы тиіс. Идеяларды талқылау үшін жаңа бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Оларды осы жерде жүзеге асыру керек», — деген еді ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Қала басшысының айтуынша, соңғы үш айдың ішінде жастарға арналған үш орталық ашылған.

Бауыржан Байбек
©Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

«Әрбір ауданда осындай қоғамдық орындар болуы керек. Бірақ DEPO Evolution Park бәрінің орталығы болады»,-деді Бауыржан Байбек сөзін жалғай келе.

Қала басшысынан кейін сөз кезегін Елнұр Бейсембаев алды. Ол — DEPO Evolution Park-тің басшысы.

«Бес қабатты ғимараттың жалпы аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатында – коворкинг-орталық, екіншісінде – мейнстрим, еріктілердің орталығы, үшіншісінде – шығармашылық орталық, төртіншісінде – жастармен жұмыс орталықтары орналасқан», — деді Елнұр Бейсембаев.

Лофт-орталық ашылғаннан кейін қала басшылығы «Art Energy Almaty» — «Work in progress» фестиваліне қатысты. Ол – қаладағы қауымдастықтар мен мен ішкі қалалық коммуникациялардың билікпен, бизнеспен, бастамашыл қауымдастықпен, қоғам қайраткерлерімен сұхбаттасу фестивалі.

Фестиваль барысында экология, салауатты өмір салты, жан-жануарларды қорғау, қайырымдылық, транспорт, архитектура, қала кеңістігі, бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерлік, технология жөнінде түрлі жобалар ұсынылды. Олар «Қалалық диалог» атты пікірталаста талқыланды.

«Егер алматылықтардың пікірі бір жерден шықса, қала мүлдем өзгеріп кетер еді. Алматы осымен де ерекше. Бұнда түрлі көзқарас бар. Бұл — жастардың, үкіметтік емес ұйымдардың қаласы»,- деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы трамвай депосы 2016 жылдың 31 қазанында жұмысын тоқтатқан еді. Оған трамвайдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары себеп болды. Қала әкімі Бауыржан Байбек осы жағдайлардан соң депоны тексеруден өткізуді талап етіп, жұмысынан бірқатар кемшіліктер табылған еді. Солайша, трамвайлар қаладағы  қоғамдық көліктер қатарынан шығып қалған болатын. Қазіргі уақытта трамвай вагондарының мәселесі қаралып жатыр. Оны сатып алғысы келетін адамдар жоқ болғандықтан, утилизацияға беру қарастырылған. Көшелердегі тармвай рельстері алынып, сатылымға берілді.

Қала әкімі бос қалған орталықты қала тұрғындарына пайдалы аймаққа айналдыру туралы конкурс өткізуге тапсырма берген болатын. Осыған байланысты «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ 2016 жылдың тамыз айында конкурс ұйымдастырды. Оған жиырма үш жоба ұсынылды. Қатысушылардың қатарында Ресей, АҚШ, Италия елдерінің азаматтары да болды. Конкурстың нәтижесінде үздік деп танылған алты жобаның иелері бірігіп, көпфункционалды DEPO Evolution Park кешенін тұрғызуды ұсынды. Бүгінде осы жоба іске асырылып жатыр.

Depo Evalution Park
©Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Алматыда 2017 жыл «Жастар жылы» деп жарияланған болатын. Осы жылы «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы  — 2020» бағдарламасының аясында жастар практикасының квотасын арттыру жоспарланған. Соған байланысты алты мыңнан астам адам кәсіби дайындықтан өтеді. Студенттік жатақханалар салынып жатыр. Жастардың «Тұрғынүйқұрылысбанкінен» жеңілдетілген заем арқылы жаңа пәтер алуына мүмкіндік жасалды. Мамыр айында Әуезов ауданында жастарға тегін білім беретін «Бағдаршам» орталығы ашылды. Алатау ауданындағы Атлеттер ауылында Жастармен жұмыс орталығы жұмысын бастады.

Жалпы алғанда «Алматы қаласының жастарын қолдау жол картасы  — 2020» бағдарламасының аясында тоқсан үш шараны іске асыру жоспарланған. Сонымен бірге аталған бағдарлама жастар арасындағы жұмыссыздықты 5 пайызға төмендетуге, оқу орнын енді бітірген жастардың жұмысқа орналасу көрсеткішін 60 пайыздан 67 пайызға, техникалық және кәсіби білім алушылардың қатарын 22 пайыздан 27,5 пайызға арттыруға бағытталған. Жастарды жатақханамен қамтамасыз ету 37 пайыздан 43 пайызға арттырылады. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанушы жастардың қатары 265 мыңнан 365 адамға көбейеді деп күтілуде.