Басты бетЖаңалықтарӘскери оқиғалар...

Әскери оқиғалар хронологиясы: Араб шапқыншылығы

Ол кездегі қазақтың жерлері мен қазіргі Орта Азия жерінің көп бөлігі — Батыс Түрік қағанатының қарамағында еді.

Арабтар 705 жылы Әмударияның шығысы – Мәуереннахрды жаулауға көшті. Түріктер мен соғдылықтардың біріккен қолы араб әскерлеріне қатты соққы берді. Алайда, Хорасан билеушісі Кутейбаға одақтастардың өзін бір-біріне айдап салып, құтылып кетті. Сөйтіп Кутейба 709 жылы Бұқараны басып алды. 7012 жылы Самарқанды алып, оған әскерін тастап кетті. Біраз уақыт өткенде, Самарқанға Шығыс түріктерінің қағаны Мочжоның әскері келді. Олар араб әскерін қаладан шығарып жібермек ойда еді. Алайда, Кутейба қайта оралып, өз әскерін қауіп-қатерден сақтап қалды. 712-713 жылдары жергілікті түріктер, соғдылықтар, Шаш қаласының тұрғындары мен ферғаналықтар арабтарға қарсы қайта соғыс ашты. Кутейба қол жинап, Шаш қаласындағы көптеген қоныстарды өртеп жіберді. Шаш, Испиджаб қалаларын басып алды.

Дегенмен 723 жылы Ферғана қарлұқтары  арабтарды жеңді. Жеңіс итжығыс болып  отырды. Өйткені оларға көмеккке түргеш әскері келген еді. Түргештер 1737 жылы өз қағандары өлгенге дейін арабтармен тең қуатты, әлеуетті мемлекет болды.  Қаған қайтыс болған соң Хорасандағы арабтардың билеушісі Насыр ибн Сейяр 737-748 жылдары Орта Азияның бірқатар аймақтары мен қазақ жерінің біраз бөлігін жаулап алу үшін жорықтар жүргізді. Оған қарсылық көтергісі келген халықтың көтерілістерін арабтар басып жаншып отырды.

748 жылы  қытайлар Суябты, сосын Шашты басып алды. Шаш әмірінің ұлы арабтардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Осылайша араб пен қытай арасындағы ауқымды қақтығыс 751 жылы Таразға жақын маңдағы Атлах деген жерде болды. Осы кезде қарлұқтар арабтарға болысып екеулеп қытайды жеңді.

766 жылдан бастап қарлұқ билеушісінің бастауымен  Жетісудағы қарлұқтар бірнеше рет арабтарға қарсы бас көтерді. Тіпті, бұл көтерілістердің үдегені сондай 792-793 жылдары қарлұқтардың бұл әрекетін тыю үшін Ферғанаға Әмір ибн Жамил жіберілді.

Арабтар мен жалпы мұсылман әлеміне қарсы ең үлкен көтеріліс ретінде орта Азиядағы Муканна көтерілісін атауға болады. Оған қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріндегі бүкіл түркі тайпалары үн қосты. Ал, 806 жылы арабтар Құлан қаласына басып кірді.

812 жылы қарлұқтардың ұйғырлардан жеңілгенін пайдаланған арабтар Отырар аймағын жаулап алып, қарлұқ билеушісі қашуға мәжбүр болды. Жалпы, арабтардың дін үшін соғысында ең тынышсыз, көп қарсылық танытқан осы Шаш, Фараб жәене Испиджаб аумағының халқы болғанын араб тарихшылары жоққа шығармайды.

Арабтардың арасынан бірлік кеткен ІХ ғасырдың басында бәрібір  Мәуереннахр мен Хорасан тәуелсіздік алып, араб халифатына тек салық төлеп тұрды.

Араб халифатына кірген – қазақ жерінің оңтүстігі ғана. Бірақ оның зардабы бүкіл қазақ жерінде білінді. Мәселен, арабтың үстем топтары байлық жинау үшін қазақ жерінде әділетсіз соғыстар жүргізді. Олар жергілікті халықтың бар мал-мүлкін тартып алды.

Араб шапқыншылығы нәтижесінде тілдік, этникалық үрдістер, саяси және мәдени, әлеуметтік-экономикалық өмір өзгерістерге ұшырады. Жаңа мемлекеттік дін – ислам діні, араб тілі мен араб жазуы таралды. Ежелгі түрік жазуы қолданыстан шығып кетті. Түрік лексикасы араб сөздерімен толықты. Феодалдық қатынастар жедел дамыды.

Ислам тараған халықтардың тарихы мен дәстүрінде едәуір айырмашылықтар болғанымен, ислам кеңінен қанат жайғаннан кейін сол халықтарға ортақ араб-мұсылман мәдениеті қалыптасты.

Кят, Отырар, Тараз, Шаш, Бұқара, Самарқан және басқа да қалалар үлкен мәдениет орталығына айналды. Ол қалалардан әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни, Әбу Әли ибн Сина секілді ғалымдар шықты.  Араб халифатының аумағына кіргендіктен ғалымдар мен ақындар өз шығармаларын көбінде осы араб тілінде жазатын болды.