«Арлан» БДМ – Өндіруші: «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС
«Арлан» бронды-дөңгелекті машинасы даладағы және көшедегі ұрыс кезінде пайдалануға арналған. Машинаның табаны биік, жол талғамайды. V-тәрізді табаны оны минаға түскен жағдайда жарықшақтарды шашыратып жіберіп, жарылыс қуатын сейілтуге қабілетті. Оның дөңгелектері – 8 кг тротилге татитын жарылысқа, бүйірлері 5 метр жерден – 50 кг тротилге татитын жарылысқа төтеп береді. Машинаға 10 жауынгерге дейін сыяды. Қабырғалары – сауытбұзар 7,62 миллиметрлік оққа, Драгунов винтовкасына және NATO-лық 12,7 миллиметрлік оққа шыдайды. Жылдамдығы – 100 км/сағ дейін. «Арлан» бронды-дөңгелекті машинасы Қазақстанның ауа райына бағышталып жасалған, -50⁰ С…+50⁰ С аралығында қалыпты жұмыс істейді. Әйнектері берік, оққа төзімді. Ату процесі толықтай автоматтандырылған: компьютерленген атыс кешені жауынгердің машинадан шықпай-ақ нысана көздеп (оптикалық zoom жүйесі бар), оқ жауыдыруына мүмкіндік береді. Машина алғашқы рет Астана қаласында өткен KADEX-2016 әскери-техникалық жарақ көрмесінде көрсетілді. Қазір Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің әскери бөлімшелеріне пайдалануға берілген.
«БАРЫС 8х8» БТР-і – Өндіруші: «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС
«БАРЫС 8х8» бронды транспортері арнайы операциялардың басты кейіпкеріне айналуы әбден мүмкін. Ол біздің аймақтағы оперативті ахуалға лайықталып әдейі жасалған. Табаны – жол бойына құрылатын қолдан жасалған миналар мен фугастарға қарсы күшейтілген. Экипаж отыратын креслолар – машинаның астынан немесе бүйірінен жарылыс болған жағдайда жарақат алудан қорғайды. Жылдамдығы – 100 км/сағ дейін. Атомдық, биологиялық, химиялық қарулардан қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Мұнарасына – қашықтықтан басқарылатын 57 миллиметрлік атыс модулі бекітілген. Лебедкасы, резервтік электр жүйесі бар.
«БАРЫС 6х6» БТР-і – Өндіруші: «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС
Техникалық-тактикалық сипаттамалары жоғарыдағы «туысына» ұқсайды. Жарылыс пен кинетикалық соққыға қарсы жақсы жарақталған. Оның жатаған, аласа тұрқы жаудың нысанаға алуын қиындатады.
«НОМАД» БДМ – Өндіруші: «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС
«НОМАД» бронды-дөңгелекті машинасы – қалаішілік операцияларда, жаппай тәртіпсіздікті тыюға, бекініп алған бандалармен ұрыста құқық қорғаушы жасақтарға айнымас серік болатын автомобиль. Бұл машинаның басты қасиеті – жол талғамайтыны. Ол кенет тосқауыл қойылған жолдан шығып кетіп, жүрісін жалғастыра алады. Сонымен бірге оның пневматикалық бульдозер қалағы қолдан жасалған кедергілерді жолдан алып тастауға қабілетті. Сырттан атып, граната лақытрғанда да экипажға ұзақ уақыт ұрыс қабілетін сақтауға мүмкіндік бар.
«Широкий спектр» РДОАЖ – Өндіруші: «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ
«Широкий спектр» реактивті дүркін оқ ату жүйесі – Қазақстанның Советтер одағынан қалған РДОА жүйелерді заманауи үлгімен қайта жарақтау әрекеті. Нәтижесінде – бұрынғы «Град», «Ураган» жүйелерінің реактивті снарядтарымен және аса дәл «Акулар», «Экстра» зымырандарымен ата беретін әмбебап жүйе жасап шығарылды. ГЛОНАСС навигациялық желісіне негізделген топографиялық қондырғылары қажетті квадраттарды дәлірек нысанаға алуға мүмкіндік береді. Атыс қашықтығы – 10-нан 150 шақырымға дейін. Нүктелерді де, тұтастай аудандарды да талқандауға қабілетті.
Бұл жүйеде пакетті оқтау әдісі қолданылады. Яғни, бағыттаушыларға салынатын снарядтарды бірден жүктеуге болады. Бұрын бұлай мүмкін емес еді, оқтау кәдімгі мылтық сияқты біртіндеп жүзеге асырылатын.
Жүйе – басқа барлау жүйелерімен бірге, айталық, дрондардан келетін барлау мәліметтерін қабылдап, қорытып, шешім шығара алады. Бұл ұрыс жағдайында дәлдікті қамтамасыз етеді.
КамАЗ-63502 8X8 негізіндегі шасссиі – оны қазақстандықтардың байырғы техникалық дәстүрлеріне сай етеді, яғни жедел жөндеу мен профилактикалық жұмыстар әлден жолға қойылған.
Аздаған модернизациядан кейін экспортқа шығарылады деп күтілуде.
«Қарағай» қысқатолқынды диапазон радиостансасы – Өндіруші: «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ (Петропавл қаласы)
«Қарағай» радиостансасы оперативті аймақта радиобайланысты жедел орнатуға арналған. Радиожеліде бір уақытта 32 нүктеге дейін жұмыс істей алады. Сонымен бірге – цифрлық ақпарат алмасу мүмкіндігі де жүзеге асырылған, ақпарат тасымалдау жылдамдығы – 300 бит/сек. КаМАЗ-43502-3033-45 шассиіне орналасқан транспорттық база – оның тез арада-ақ жол талғамай байланысқа зәру оперативті аймаққа жетуін қамтамасыз етеді.
ЕС145 — әмбебап тікұшақ — Өндіруші: «Eurocopter Kazakhstan Engineering»
ЕС145 тікұшағы – жерде, су бетінде операциялар жүргізуге арналған қос двигательді өз қатарластарының ішіндегі озығы. Бұл машинада француз-неміс Eurocopter концерні — соңғы техникалық жаңалықтарының барлығы дерлік шоғырланған. Заманауи авионика мен электроника әдетте «жұмысшы» машинаға тән емес әдемі салон дизайнымен үйлескен. Сыйымдылығы – 12 адамға дейін. Қос TurbomecaArriel 1E2 двигателінің бірі істен шықса да тікұшақ жұмысын жалғастыра береді. Жағармай жүйесінің алшақ болуы, бірін бірі қайталай алатын электроника мен негізгі трансмиссияны майлау жүйесі, соққыдан болатын кинетикалық энергияны жұтып қоюға қабілетті фюзеляж бен отырғыштар – бұл машинаның қауіпсіздігін жаңа деңгейге жеткізіп отыр. Осындай технологиялық жарақ өз кезегінде – комфорттың есебінен жасалмаған: жолаушылар мен пилоттарға қыстырылып-қымтырылып отырмай, айналаны айқын көріп, тамашалап отыруына толық мүмкіндік бар.
«Барс-ҚМ» жобасының зымыранды-артиллериялық кемесі — Өндіруші: «Зенит» Орал Зауыты» АҚ (Орал)
Отандық қару жарақ өндірісінің мақтаныштарының бірі. Оралдың «Зенит» зауыты – 1993 жылы Қазақстанның кеме жасау бағдарламасының жемісі. Жас қазақ әскери-теңіз флотының басты жабдықтаушысы.
«Барс-ҚМ» жобасының зымыранды-артиллериялық кемесі – әдейілеп – бейбіт мазмұндағы Қазақстан Республикасының әскери доктринасын есепке ала отырып жасалған машина. Ол өзінде бекітілген зеңбіректер мен басқа да атыс құралдары арқылы су бетіндегі нысандарды жоюға арналған. Заманауи байланыс және навигациялық қондырғылар бұл кемені Қазақстанның терриотриялық суларындағы барлық міндеттерді атқаруға мүмкіндік береді.
«Айбар» жобасының жоғарғы жылдамдықта жүретін торуылдау катері — Өндіруші: «Зенит» Орал Зауыты» АҚ (Орал)
Қазақстан Республикасының сулардағы мемлекеттік шекарасы мен құрлықтық қайраңдарын бақылауға және күзетуге арнап жасалған. Кемелердің заңсыз жүзуіне, мемлекетаралық контрабандалық операцияларға, теңіздегі қарақшылық пен бандитизмге, заңсыз балық аулау және басқа да теңіз өнімдерін өндіруге, халықаралық теңіз заңдарын бұзатын әрекеттерге қарсы бағышталған; ол патрульдік режимде Қазақстан Республикасының меншігіндегі суларды торуылдап, заң бұзушы кемелерді ұстауға және тексеруге, әрекеттерін бақылауға арналған. Заманауи үлгідегі байланыс және навигациялық қондырғылары оның жеке немесе басқа да жүзу құралдарымен топтаса отырып арнайы операциялар жүргізуге толық мүмкіндік береді. Тапсырыс берушінің техникалық талаптарына сәйкес қару-жарақпен жабдықталады. Катер дербес түрде 7 тәулікке дейін жүзе алады. Жылдамдығы – 40 теңіз түйіні, яғни құрлықтағы өлшеммен – 74 км/сағ жуық.
Оптикалық барлау-бақылау жабдықтары – Өндіруші: «Kazakhstan Aselsan Engineering» (Қазақстан мен Түркия)
Барлау, тұтқиылдан шабуыл жасау, нысанаға алу сияқты арнайы оперативті-тактикалық шаралар үшін оптикалық жарақтардың көмегі өлшеусіз. Ұрыс ошағындағы немесе басқа да проблемалы нүктелердегі ағымдағы оперативті ахуалды бажайлау заманауи оптикалық жабдықтарсыз мүмкін емес. Қазақстан Республикасы көрші Ресей сияқты – көпке дейін импорттық оптикалық жабдықтарға тәуелді боп келді. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан Түркияның осы саладағы көшбасшыларының бірі – Aselsan компаниясымен ынтымақтасты. Нәтижесінде оптикалық жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорын дүниеге келіп, бірқатар заманауи оптикалық жабдықтарды өндіріс жолына қойып отыр.
Барлауға арналған «Sharpeye» шағын лазер жабдығы — тәуліктің кез келген мезгілінде және ауа райына тәуелсіз өзіңнің немесе қарсы тараптың түрлі нысандарын тауып, ажыратуға арналған. Қондырғы күндізгі бақылау және жылувизиялық бақылау каналдарымен жабдықталған, бұлар — визуалды түрде де, немесе жасырынып қалғанымен жылу бөліп тұрған нысанды да байқауға мүмкіндік береді. Барлау мәліметтерін толығырақ жинау үшін нысанға дейінгі қашықтықты өлшеуге қабілетті лазер сызғышы, GPS-қабылдағышы, лазер нұсқағыш пен цифрлі магниттік компасы бар. Бақылау қашықтығы – 20 шақырым; дәлдігі (немесе абсолют қателік) — +/-5 шақырым.
A-100 монокулярі нысандарды түнде бақылауға және жарықтың түндегі табиғи деңгейінде оперативті алаңда жол тауып, бағдар ұстауға арналған. Монокуляр әскери және арнайы операцияларға, нысандарды патрульдеу және күзетуге, машиналарды түнде жарықсыз жүргізуге пайдаланылады. Монокулярдың ыңғайлы жері — ол жеңіл; ұзақ уақыт каскаға бекітіп жүрген кезде мойын омыртқасы шаршамайды. Өзіңіз байқағандай, бұл монокуляр сонымен бірге мергендер үшін — түнде нысана көздеуге де жарайды. Инфрақызыл жарық түсіргішпен де жабдықталған болуы мүмкін. Жабдықтың тағы бір ұтымды тұсы ретінде — ол оптикалық қондырғыларға қарсы әрекетерге бейімделген. Мысалы, бақылаушының көзін алу үшін кенет қатты жарық берген кезде істен шықпайды және қолданушының көру қабілетін нашарлатпайды.
Қарағанды патрон зауыты (жоба)
Сырттан тасымалданатын оқ-дәріге тәуелді болмау – кез келген елдің ұрыс жағдайына дайын болуының басты шарты. Онсыз ешқандай ұзақмерзімді әскери операцияны немесе қорғанысты жоспарлауға болмайды. Себебі қарсы тарап әрқашан оқ-дәрімен жабдықталу жолдарын қиып, үзуге тырысады. Сонымен бірге, саяси шешімдердің кесірінен халықаралық қауымдастық тарапынан атыс қаруларын сатуға шектеу қойылуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, өз оқ-дәрі өндірісіңнің болуы – стратегиялық қамсызданудың басты міндеті. Жеке оқ-дәрі өндірісінсіз кез келген жоспар – үлкен тәуекел, ал оның болмауы – өте-мөте дөрекі стратегиялық қате.
Канадалықтармен бірлесе жобаланған Қарағанды патрон зауытының стратегиялық міндеті — патрондармен және басқа да жарлығыш заттармен елді тылдан қамтамасыз ету. Зауыт 2017 жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ол ең алдымен – Қазақстан Қарулы Күштерінде кең тараған — 5,45*39 мм, 7,62*54 мм, 9*18 мм, 9*19 мм калибрлі патрондармен қамтамасыз етпек. Сонымен бірге көршілес елдер мен басқа да ықылас танытқан мемлекеттерге экспорт мүмкіндігі де қарастырылған.
Фотолар – аталған өндірістік кәсіпорындардың брошюраларына тиесілі.