Басты бетБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысында Сырым Датұлының 275 жылдығы тойланды

Шараға облыс əкімі А.Көлгінов, Сырым батыр мен оның ерлігі туралы жазылған «Тар кезең» тарихи романының авторы, жазушы Қ.Мұхамбетқалиев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Əнес Сарай жəне бір топ ғалымдар мен қонақтар қатысты. Алдымен қонақтар «Сырым шыққан төбе» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ жуырда ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жөндеуден өтіп, құнды жəдігерлермен толыққан Алаш музейін, жаңадан ашылған Сырым музейін, Алаш саябағын аралады. Кейін бағдарлама ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік шаралармен жалғасты.

Асқан батырлық, ерлік істермен өшпес із қалдырған заңғар тұлғаның ұлт тарихындағы ерекше орнына тоқталып, жұртшылықты мерейлі тоймен құттықтаған облыс əкімі: — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық сананы серпілту жайын ерекше атап өтті. Тарихты танып, зерделеу арқылы ғана келешегімізді бағдарлауға болатындығын айтты. Сондықтан ел үшін, жер үшін тер төккен тарихи тұлғаларымыздың ерлігін дәріптеу —  бəріміздің ұлт алдындағы борышымыз. Ал атқарылып жатқан іс ең алдымен тəуелсіздігіміздің арқасы, — деді.

Сондай-ақ кешелі бері Сырым батырдың 275 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан  шаралардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқанын айтты.
Сырым ауданындағы айтулы шара облыстың өнер ұжымдарының театрландырылған қойылымдары мен концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ ат бəйгесі ұйымдастырылып, қазақ күресінен жеңімпаздар анықталды.

Айта кету керек, бұл тойға облысымыздың 12 ауданының барлығы атсалысып, ақшаңқай киіз үйлер тігілген. Олардың əрқайсысында аудан музейіндегі құнды жəдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.