Тарихтың түкпірінде
Әскери парадтың кескін-келбеті – оның бағзы замандарда салтанатты жүрістен гөрі, қажеттік болғанын көрсетеді. Себебі ол кездегі ұрыстардағы жеңістің басты кепілі – саптың бұзылмауы еді. Ал саптың бұзылмауын қамтамасыз ету – тек физикалық жаттығуларды емес, сонымен бірге, моралдық-психологиялық үлкен дайындықты қажет етеді. Сіздер мысалы, үрейге бой алдырудың (паниканың) топ ішінде қандай «жұқпалы індетке» айналатынын білесіздер. Топтағы адамдар деперсонализацияға ұшырап, әрқайсысы жеке тұлға болып келген адам енді – тобырдың мүшесіне айналады. Саптағылардың бірі қашса, немесе іркіліп қалса, бұл қорқыныш бүкіл әскерге тез жайылып, флангалар бұзылады. Әдетте – оң қанат, сол қанат және орта боп, бетпе-бет кездесетін әскерді кинодағыдай қаймықпайтын, бірбеткей, өлімнің көзіне тура қарайтын темірден жаралғандай тұлға етіп қалыптастыру өте-мөте қиын. Кейін, атты әскер шықса да, әскери шабуыл немесе тойтарыс берудің бұл тәсілі қала берді. Мысалы, біздер Шыңғысханның әскерлерінен де тап осы модельді айнытпай көреміз (оң қанат – жоңғар, сол қанат – варуңғар).
Өз кезегінде, саптың сапасы – ол кездерде тұтастай ұлттар мен ұлыстардың қуаттылығын айқын көрсететін болған. Грек патшалықтары қырқысқан замандарда, біздер – әлсіз, халқының сенімі жоқ уақ патшалардың (ал патшалар ол кезде – бас қолбасшы да болатын) әскерлері де ұрыс даласында берекетсіздік көрсеткенін айқын көреміз. Тек қана, алдында не көріп тұрса да қаймықпайтын, саптың алдыңғы қатарлары оққа ұшып, жарақат алып жатса да қайтпайтын, қорықпайтын әскерлер жеңіске жететін.
Осылайша, әскери парад салтанатты шеруден гөрі, практикалық маңызы бар шара болған. Қолбасшылар мен билеушілер сап түзеп жүрудің сапасына қарап-ақ, өз әскерінің соғысқа дайын-дайын емес екендігін сараптайтын еді. Сап түзеп жүрудің сапасына көңілі толмай, қарсы тараппен бітімгершілікке, бейбіт келісімге келген, тіпті жеңілетінін алдын ала мойындап, жеңісті қолдан беретін жәйттер сирек болмаған.
Әскери парадқа салтанатты шеру элементтерін қосқан – ежелгі Рим деп білеміз. Жалпы, сахна элементтерін саясатта да, тұрмыста да шебер пайдаланған көне римдіктерден басқа нәрсе күту мүмкін емес. Азаматтық қоғамы бар көне Римде публикаға ойнау үлкен саяси дивидендтер әкелетін еді. Сенаторлар мен консулдардың, императорлардың соғысқұмар болғаны да содан. Қалаға жеңімпаз ретінде оралып, әскери шерумен кірген кез келген шенеуніктің даңқы пен билігі одан сайын асқақтап кететін. Бұл ақыр аяғында болмашы жеңісті де ас та төк қылып тойлауға әкеліп, билікті әскери шерудің регламентін жасауына мәжбүр етті. Айталық, қалаға триумфпен кіру үшін – қолбасшы мен оның әскерлері майдан даласында кемінде жаудың бес мың сарбазын өлтірген болуы керек. Бұл да «шеруқұмарлыққа» онша тосқауыл болмағасын, Сенат триумф құқын тек өзі белгілейтін болды. Себебі, кешегі жап-жас бала қалаға жеңіспен оралып, халықтың қысымымен – біреулер жылдар бойы әрең алған лауазымды ала салушы еді.
Көне Рим тұсындағы парадтардан біз осы күнгі парадтарға көп ұқсастық кездестіреміз. Ең бірінші ұқсастық – асқан салтанатпен ұйымдастырылуы. Біз ежелгі шерулерден тіпті театр элементтерін аңдай аламыз. Триумфатордың алтын жалатылған күймемен кіруі, халықтың немесе жауынгерлердің хормен «триумф!» деп айқайлауы, елге таңсық – пілдер мен түйелерге жегілген астауларда трофейлерді жайып, елге көрсетіп жүріп өту – барлығы, барлығы біздің бүгінгі әскери парадтарды еске салады. Осылайша біз, парадтың көне Римде әлі де идеологиялық емес, саяси құрал екенін көреміз.
Жаңа заман парадтары
XX ғасырдағы парадтардың ендігәрі – жекелеген тұлғаларды дәріптейтін шоу емес, көбіне – қысылтаяң кезеңдегі елдердің әскери-патриоттық рухты көтеруге бағышталған шаралар екенін көреміз. Бірақ батыс елдерінде парадтардың бара-бара – корольді ұлықтаудың немесе басқа да салтанатты шараның атрибуты ғана болып қалса, Советтер Одағы, Қытай, Үндістан сияқты елдерде орасан зор үгіт-насихат машинасының бір бөлшегіне айналғанын көреміз.
Советтер Одағында қандай да бір айтуға тұрарлық көлемдегі парад 1941 жылдың 1 мамырында Мәскеуде өтті. Мұнда қарулардың жаңа түрлері көрсетіліп (айталық, Пе, МиГ ұшақтары, БТ, Т28-35 танкілері), соғыс қарсаңындағы советтер Германияға әлеуетін аңдатқысы келетіндей әсер қалдырады. Себебі жылнамалар бойынша, бұл парадқа Германияның әскери атташелерін аттай қалап шақырған. Кейін білгеніміздей, бұл әрекет — шамамен 1 жарым айдан соң Екінші Дүниежүзілік Соғыстың жалғасуына кедергі бола алмады.
Енді, атом қаруы мен құрлықаралық зымырандар дәуірінде парадтың мазмұны өзгерді ме? Ол әлі идеологиялық, әскери-патриоттық тәрбие жүгін арқалап келе ме? Біз көріп отырғандай – дәл солай. Мысалы, стратегиялық қарулардың барлық түріне ие Қытай 2015 жылы жеңістің 70 жылдығына арналған үлкен парад өткізді. Бұл арқылы Қытай өзін – Екінші дүниежүзілік соғыстың дербес қатысушысы ретінде көрсетіп, жапон басқыншыларына қарсы күресті еске салып, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы кейбір саяси, территорилық дау-жанжалдарға байланысты қыр көрсетіп қойғандай. Айта кету керек, Қытайдың бұған дейін бұрын-соңды мұндай орасан парад өткізуде тәжірибесі жоқ болатын. Дегенмен, Қытай жауынгерлері әлемді синхронды жүрісімен, гармониялы әрекеттерімен тамсандыра алды.
Ал енді Қазақстанның әскери парадтарына тоқталсақ. Оның арқалаған жүгі қандай?
Әскери парад – кішігірім мобилизация
Мемлекеттік іс-шараларда біздің назарымыз көбіне экономикалық аспектілеріне ауып жатады. Шығын туралы бірден ойлаймыз. Ал шынтуайтына келгенде, бүгінгі парадтар үшін салтанатты шоу – соңғы орында болуы мүмкін.
Парадтың алдында оны ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл – әскери бөлімшелерде парадқа шығуға лайықты жауынгерлерді анықтау. Ал оларды анықтау үшін интенсивті жаттығулар, іріктеу турлары ұйымдастырылады. Бүкіл Армия бұл жағдайда кішігірім мобилизация ахуалында тұратындай. Қарқынды жаттығулар өз кезегінде қордаланып қалған қателіктерді, кемшіліктерді көрсетеді.
Бұған қоса парадты ұйымдастыру жұмыстарын – өзінше әскери техниканың инвентаризациясы ретінде қарауға болады. Жағар-жағармайды, ағымдағы профилактикалық жұмыстарды бір пысықтап алып, инженерлік құрамның біліктілігін, қағілездігі мен қабілетін бейбіт уақытта сынап көруге тамаша мүмкіндік.
Сонымен бірге, әскери бөлімшелер арасындағы бірлесе әрекет ету машығы, байланыс пен сәйкестік те шыңдала түседі. Бұрын байқалмай келген бюрократиялық шырғалаң, қарама-қайшылықтар табылып жатса, олар жөнге келтіріледі. Ендеше, әскери парадтың – тек патриоттық тәрбиеге ғана емес, сонымен бірге практикалық маңызы бар.
Бұл тұжырымдарға дәлел ретінде осы жылы 7 мамырда Астана қаласында өткен тарихымыздағы ең ірі парадқа нұсқауға болады. Естеріңізде болса, Қарулы Күштеріміздің 25-жылдығына орай, ұзын саны 5 мың жауынгерден тұратын парад дүркіреп өтті. Оны дайындау барысында орасан ұйымдастыру жұмыстары жасалды. Еліміздің барлық аймағындағы әскери бөлімшелерден келген жауынгерлер қала маңында қосын тігіп, айтарлықтай әскери дабыл жағдайына ұқсас ахуалда жұмыс істеді.
Ал арнайы ұйымдастырылған паркте бір уақытта 300 дана техника алдын ала сынақтардан өткізіліп, сырланды. Аэродромдарда болса, 80-ге жуық ұшақтар мен тікұшақтар дайындықтан өткізілді. Біз жауынгерлердің алаңнан түзу сап түзеп өтуі қандай абырой болса, әскери техниканың да ақаусыз, қақ-соқсыз жүріп өтуі соншалықты маңызды екенін атап өтуіміз керек. Себебі әскери техниканың абайсызда істен шығуы – үлкен имидждік шығын әкелуі ықтимал. Үнемі сақадай сай әскери техника – жауынгердің айбыны сияқты көрсеткіш. 2015 жылы Ресейдегі әскери парад алдында, «Армата» (Т-14) танкі тіпті тек репетиция кезінде істен шыққанда, қандай имидждік соққы болғанын білеміз.
«Армата» (Т-14) танкі репетиция кезінде істен шықты, 2015 жыл
Яки, бейбіт уақытта сақадай сай бола алмаған елдің болжалды қауіптер кезеңіндегі жағдайы тіпті мүшкіл болмақ.
Егер әскери парад жоғарыда айтылғандармен бірге – әскери-патриоттық тәрбиеге үлес қосатыны ескерсек, ондай ауқымды шараны өткізуді керектен гөрі – міндет деуге болады. Біздер аулалар мен балкондарда, үйлерде — теледидар алдында көрермендердің парадты ерекше мақтанышпен тамсана қарағанының куәсі болдық. Олар әсіресе жылдан жылға үлесі артып келе жатқан отандық қару-жарақтарға баса назар аударғанын айтады. Ал кішкентай көрермендер болса, жауынгер болуға құлшынып, алаңдағы жауынгерлерге еліктеп, сап түзеп жүрді. Мұндайды – әдеттегідей — әлеуметтік ролик жіберу арқылы да, жойқын пиар-технологиямен де ұйымдастыра алмас едіңіз. Ал ағымдағы әскер құрамындағы жауынгерлердің парадқа қатысатын жаужүрек 5 мың сарбаздың құрамына кіру үшін аянбай еңбек еткенін ескерсек, парадты – әскери жаттығулардың бір түрі деуге әбден болады.
Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери парады жылдан жылға сапалық тұрғыдан артып келеді. Және әр парадтың – бұрынғысынан гөрі көлемді әрі салтанатты болуы шарт. Бұл шартты Қарулы Күштеріміз абыроймен орындап келеді. Мысалы, 2005 жылғы, Жеңістің 60 жылдығына арналған Астанадағы парадқа 3 мың жауынгер мен 130 әскери техника жұмылдырылған болатын. 2017 жылғы парадта біздер сандық-сапалық өсім байқаймыз.
Парадтардың ең ерекшесі деп – 2013 жылдың 7 мамырында 40-ыншы әскери базада («Отар» полигоны) өткізілген – әскери жаттығулар форматындағы парадты айтуға болады. Бұл, еліміздің тарихындағы алғаш рет әскери жаттығулар форматында өткізілген парадқа 7 мыңнан астам жауынгер, 400 дана әскери техника, 80-нен астам ұшақ пен тікұшақ қатысты. Олар оперативті жазыққа шығып, атыс құралдарынан шын мәнінде оқ жаудырып, тапсырмалар орындады. Дәл сол уақытта Каспий теңізіндегі Қазақстан Әскери-теңіз Күштерінің кемелері зеңбіректер мен басқа да қару түрлерінен оқ атып, оны көрермендердің тікелей эфирден тамашалауына мүмкіндік берілді.
Ал жалпы Қазақстандағы ең алғашқы әскери парад — 1995 жылдың 9 мамырында Алматы қаласында өткен.