Аталған мекемеде бедеулікті медицина саласындағы соңғы технологиялар бойынша емдейді. Клиника заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Репродуктивті медицина институының директоры Тамара Жүсіпәлиева өз сөзінде Қазақстанда сапалы медицинаға деген сұраныстың артқанын, клиника көрсететін медициналық қызметтердің аз шығын жұмсай отырып, шетелдік баламалардан еш төмен еместігін айтты.
«Соңғы жылдары біздің қызметке деген сұраныс өсуде және медициналық туризм артуда. Алматыға жақын және алыс шетелдерден емделу үшін келетіндер жеткілікті. Олардың ішінде Түркиядан, Германия мен Ресейден, Қытай мен АҚШ-тан келетіндер баршылық. Барлық пациенттерге заманауи репродуктивты технологиялар бойынша ата- ана болу бақытын сыйлаудамыз», — деді Орталық директоры Т.Жүсіпәлиева.
Оның айтуынша, Қазақстан заңдарының бейімділігі, дәрігерлердің жоғары біліктілігі, заманауи технологиялардың жеткілікті болуы арқасында Қазақстанға медициналық туризм бойынша келетіндер легі артқан.
«Елімізде дәрігерлердің жоғары біліктілігінің, заманауи технологиялардың жеткілі болуы арқасында шетелден келушілер саны артуда. Мысалы, екі жыл ішінде Қытайдан, Германиядан келетін пациенттер саны бірден көбейген. Тек АҚШ-тың өзінен ғана репродуктивті медицина институына 75 емделуші келген», — деді Тамара Жүсіпәлиева.
Мәселен, 43 жастағы америкалық Вера Смиффтен қазақстандық дәрігерлердің емі барысында сәбилі болған. Бұған дейін отбасылық жұп үш рет ұрықтандырылғанымен, нәтиже болмаған. Аталмыш процедура Америкада 20 мың доллар тұрады. Дегенмен, Вера осы ем үшін Қазақстанға келген.
Оның айтуынша, Қазақстанда, соның ішінде Алматыда медициналық туризмнің болашағы зор.
«Мен Қазақстанда жүкті болу бақытына ие болдым. Қуанышымда шек жоқ. Қазақстанда, соның ішінде Алматыда медициналық туризмнің болашағы зор деп білемін. Америкамен салыстырғанда мұндағы баға айырмашылығы айтарлықтай. Қазақстандағы дәрігерлердің тәжірбиесі мен біліктілігі өте жоғары, ал бұл медициналық туризмді дамытудың басты шарты. Маған Алматы өте ұнайды. Мұндағы ас мәзірі өте дәмді. Бір сөзбен айтқанда, маған бұл жер өте жайлы әрі тартымды», — деп пікірін білдірді ол.
Жаңа клиникада 60 адам жұмыс істейді. Көпшілігі дерлік білікті жәрігерлер мен сапалы мамандар. Солардың бірі — гинеколог — дәрігер Ләззат Айтқожина медицина мекемесінің мақтанышы. Ол эмбрионның сырқатын ерте бастан байқап қояды. Айта кетерлігі, Ләззат Айтқожинаның 13 жылдық жұмыс өтілі бар әрі ол «Қазақстандағы 100 жаңа есім» республикалық жобасына қатысушы.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек жаңа орталықтың жұмысымен танысу барысында Алматының 2020 жылға даму Бағдарламасында қалалық денсаулық жүйесін, соның ішінде медициналық туризмді дамытуға ерекше мән берілгенін айтты. Оның айтуынша, Алматы медицина саласындағы отандық және шетелдік инвесторларды қызықтыруда.
«Бүгінгі таңда Алматы медицина саласында қызмет ететін отандық және шетелдік инвесторларды қызықтыруда. Репродуктивті медицина Институты клиникасының ашылуы біздің қаламызда медициналық туризмді дамытудың жарқын мысалы», — деді ол.
Репродуктивті медицина институының директоры Тамара Жүсіпәлиева клиника жылына 3 мыңға дейінгі отбасын қабылдай алатынын жеткізді. Дегенмен, экстракорпоральді ұрықтану бойынша барлығына бірдей көмек көрсету мүмкін емес. Мысалы, Алматыда 300 отбасы қаржы жоқтығы салдарынан бірнеше жыл кезекте тұр. Бауыржан Байбек дәл сол жерде 300 алматылық отбасыға тегін медициналық көмек көрсету шараларын іздестіруге тапсырма берді және экстракорпоральді ұрықтану бойынша жүкті болған әйелдер үшін босанатын жаңа үй салатын жер қарастыруды міндеттеді.
Жаңа клиника әлемдік талаптарды еске отырып салынған. Клиниканың басты ерекшелігі- операциялық блок пен жаңа өмір басталатын эмбриологиялық зертхана «таза бөлме» қағидасы бойынша жасалған. Олар өзгелерден мүлдем оқшауланған, мұнда тұрақты температура мен ылғал ауа өте таза күйінде беріледі. Нысан қабырғалары өте сапалы металл панелдерден құрылған. Мұндай «таза бөлмелер жүйесі өте сапалы әрі тұрақты клиникалық нәтижеге қол жеткізеді. Әрі емдеудің тиімділігін арттырады.
Эмбриология зертханасына Planer (UK) планшетті инкубатор мен құйылып жасалған ESCO MIRI (Singapour) алты инкубатор қойылған, бұлар эмбриондарды жетілдіреді әрі сапасын арттырады. Репродуктивті медицинада құбылыс жасаған, ең жаңа «Time – Lapse ESCO» инкубаторы бірінші күннен эмбрионның даму барысын қадағалуға және ұрықтандыру үшін ең сапалы эмбрионды таңдап алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, клиника жаңа қондырғылармен жабдықталған.