«Аманат» өнер мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігі
Дәстүрлі өнер орталығын ашу – Сәуле Жанпейісованың көп жылдан бері келе жатқан арманы еді. Әнші бұрын Ғарифолла Құрманғалиев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков сияқты таланттар қазіргі Абай атындағы опера және балет театрының іргетасын қалағанын айтады. Уақыт өте келе дәстүрлі өнерді насихаттаушылар шетке ысырылып, театр басқа бағытқа түседі. Енді онда опера айтылып, балет көрсетіле бастайды.
«Кезіндегі музыкалық театрдың іргетасын қалаған сол ұстаздарымыздың бүгінгі мұрагерлері, дәстүрлі әншілер кешегі Кеңес дәуірінде әр тарапқа шашырап кеттік. Бірі филармонияда әнші болса, екіншісі оқу орындарында мұғалімдік қызмет атқарды. 1988 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Халық әні» кафедрасын аштық. Ол жерден жүзден астам шәкірт тәрбиелеп шығардық. Олар да еліміздің әр аймағына тарыдай шашырап кетті. Ұлттық өнеріміздің өкілдерінің басын қосатын, қазақтың иісі шығатын орталық болса деп армандайтынбыз. Соңғы төрт жылда туған жерім Жамбыл облыстық филармониясында қызметте болдым. Былтырғы жылы осындай өнер орталығын ашу мақсатында Астана қаласына қоныс аудардым. Астанаға барып жұмысымызды енді қолға ала бастаған сәтімде Алматы қалалық әкімшілігінен «Дәстүрлі өнер театрын ашқалы жатырмыз» деген шақырту келді. Бұл біздің көп жылдан бергі арманымыз еді. Осы арманымызға былтырғы жылы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жеткізді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылатынын ести салысымен Алматыға құстай ұшып жеттім. Театрдың ішінен балаларды дәстүрлі өнерге баулуға, бойларына ұлттық қасиеттерді сіңіруге үлес қосатын мектеп ашуды ұсынып, «Аманат» өнер студиясын аштым»,- дейді әнші.
Қазір аталған мектепте елуге тарта бала білім алып жатыр. Олардың қатары күн санап артып келеді. Алды концерттерде өнер көрсетіп, телеарналарға шығып үлгерген. Десе де, Сәуле Жанпейісова ұлттық өнерге деген қызығушылықтың әлі де төмен екендігіне қынжылады.
«Жақында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бір жылдығына орай өткен концертке шәкірттерім ата-аналарымен көрермен болып келді. Осы концерттен кейін шәкірттеріміздің дәстүрлі әнге деген ынтасы бұрынғыдан да артып, кейбір эстрадалық вокалда оқып жүрген балаларымыз дәстүрлі әнге ауысқысы келетіндерін айтты. Білесіз бе, дәстүрлі өнер кештеріне көрермендердің қызығушылығы аз. Біздің ең үлкен проблемамыздың бірі – сол. Не себепті біздің концерттерімізге адамдар бұрынғыдай ығы-жығы болып келмейді? Себебі бұл өнердің насихаты азайып, көрерменінен көз жазып қалды. Шындығында, біздің қазіргі әндерімізбен кезіндегі Ақан, Біржан, Әсет, Мұхиттардың әнін салыстыруға да келмейді! Жастарымызды ұлттық өнерден алыстатып алдық. Дәстүрлі әнді тыңдау, түсіну үшін адамға қандай даярлық керек, білесіз бе? Тыңдармандарымыздың қатарын көбейтіп, жастардың қызығушылықтарын арттыру әрі өнерлерін ұштау мақсатында тағы бір тың жобаны қолға алып жатырмыз. Соның бірі – театрымыз бен өнер орталығымыздың бір жылдығына орай өткізгелі отырған «AMANAT music» атты республикалық конкурс-фестиваліміз».
«AMANAT music» республикалық конкурс-фестиваліне қандастарымызбен бірге шетелдік өнерпаз жастар да қатысқысы келіп отыр»
Конкурс-фестиваль алдағы 1-4 қараша күндері Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Әнші алғашқы уақытта бұл шараны халықаралық дәрежеде ұйымдастырмақ болған. Алайда, жаңадан құрылған театр мен орталық жұмысының бірқалыпқа түспеуі салдарынан біраз уақыт жоғалтып алады.
«Жақында ғана өзіміздің әріптесіміз, артымыздан еріп келе жатқан ініміз, жыршы Берік Жүсіпов басшы болып келді. Берік бұл жобаны бірден қолдап, қалалық әкімшілікке шықтық. Халықаралық байқауға уақыт өте тығыз болып қалды. Әйтпесе, қырғыздар, Қытайдағы қазақтар және өзге де елдің азаматтары келуге даярланып отырған еді. Бір қызығы, ақын досым Маржан Ершу осы аралықта іссапармен Венгрияда жүрген еді. Ол жақтағы венгер жастарының қазақ тіліне ғана емес, домбыра мен қобызға деген ынтасын көріп, қайран қалдық. Олардың да Қазақстанға келіп, өнер көрсеткісі келді. Алайда, бізге оларды қарсы алу үшін көп дайындық керек. Фестиваліміздің ерекше жаңалығы — 2 қараша күні өтетін қазақ-қырғыз дәстүрлі өнер шеберлерінің біріккен «Алатауды жаңғыртты домбыра мен қомузым» атты кеші болмақ».
Әншінің айтуынша, шараның конкурс-фестиваль деп аталуының да өзіндік себептері бар.
«Конкурс десеңіз, балаларда қорқыныш пайда болады. Фестиваль десеңіз, қарапайым мерекелік концерт сияқты болып қалады. Ал, конкурс-фестиваль болса, балаларда жауапкершілік оянады».
Ұлттық өнердің конкурсына қатысуға тілек білдірушілер көп. Сол үшін арнайы amanat-music.kz деген сайт ашылған.
«Сайтымызға Ақтөбеден, Ақтаудан өтініштер келіп түсті. Кеше Қарағанды, Талдықорған, Қызылорда, Павлодардан хабарласты. Астанадағы, Алматыдағы бірнеше өнер ұжымдары келуге тілек білдіруде. Оның үстіне, әр аймақта шәкірттерім бар. Солар шәкірттерін алып келеміз деп отыр».
«Аманат» өнер орталығының бас кеңсесі Астана қаласында орналасқан. Оны Сәуле Жанпейісованың қызы Қуаныш басқарып отыр. Қуаныш – Кеңес Дүйсекеевтің шәкірті, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепті скрипка сыныбы бойынша бітірген. Бүгінде Астанадағы Өнер университетінің 3-курсында композиторлық бөлімде оқиды.
Домбырамен ән айтуды үйретудің әдістемелік кітабы жоқ
Көптеген әншілер өнер мектептерін ашып жатыр. Сәуле Жанпейісова бұл өнерімізді жандандыру үшін жасалып жатқан қадамдар екенін айтады.
«Кейде халық «Неге кім көрінген өнер мектебін ашып кетті?»- деп реніш білдіріп жатады. Біз жаңадан тәуелсіздік алып, даңғыл жолға шығып жатырмыз. «Өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, өнер адамдары халықпен жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеу жолында өздерінің күш-жігерін салып жатса, айып емес. «Балапанды күзде санайды». Ертеңгі күні бұның сұрауы болады. Өнерді үйрету үшін тәжірибе керек. Оның түрлі әдісі бар. Сіз білесіз бе, домбырамен ән айтуды үйретудің әлі күнге дейін әдістемелік кітабы жазылмаған. Жоғары оқу орындарында оқитын әншілерге арналған біршама еңбектер бар. Ал домбыраны қолына жаңа алып отырған балаға қалай үйретесіз, неден бастайсыз? Мінекей, осы жағы әлі жолға қойылмаған. Мен өзім де жоғарғы оқу орындарында ұстаздық еттім. Ол жерде біздің алдымызға аспапта ойнай білетін балалар келеді. Біз оларды кәсібилікке дайындаймыз. Ал, өнер мектебіндегі балаларға аспаптың әліппесін үйрету керек».
«Аманат» өнер мектебіне келген балалардың көпшілігі домбыраны басқа үйірмелерден сандық жүйемен үйреніп келеді екен. Яғни, домбыраның пернелерін «1», «2», «3», «4» , «5», «6», «7» деп санмен таңбалап қояды. Ән мен күйді қағазға түсірген кезде «1,5,3,4» деп санмен жазады.
«Бұлай үйренуге болады, бірақ оны пайдалану қиын. Музыканың «нота» деген әліпбиі бар. Америкаға, Парижге барсаңыз да, музыканы әлемнің кез келген халқының алдында отыра қалып нотадан оқып кете бересіз. Қаншама жылдан бері музыка теоретиктерінің арасында күйшілерге нота үйрету-үйретпеу туралы дау-дамай келе жатыр. «Күйшілерге күйді нотамен техникасын үйреттік, бірақ олар ішкі жан-дүниесін сала алмай қалды. Сол нотамен үйреткеннің кесірінен болып жатыр» деген әңгімелер бар. Біз балаларды тек қана бес сызықтың бойымен оқытпаймыз. Алдымен балаға домбыраның бойындағы ноталарды үйретеміз. Мысалы, «Си» нотасын «4», «Ре» нотасын «7» деп белгілесек, «4,7777,4,5» деген емес, «Си, Ре, Ре, Ре, Ре, Си, До» деген оңайырақ. Сол сияқты балаларға үйретудің жаңадан бір әдістемелік жолын ойлап тауып жатырмын».
Сәуле Жанпейісова өткен жазда он күндік тәжірибелік күрстар өткізді. Осы он күннің ішінде домбырадан мүлдем хабары жоқ балалар оны шертіп, ән айтып кетті. Қазір сол балалар сахнаға шығып жатыр.
«Осы тәжірибелік сабағымды бүкіл Қазақстан бойынша жалғастыруға ниеттеніп отырмын. Бірінші Жамбыл облысынан бастасам деймін. Себебі сол жақта жұмыс істеген төрт жылымның ішінде кәсіби музыканың кенжелеп жатқанын байқадым. Таразда балалардың музыка мектебі өте аз, мемлекеттік мектептер мүлдем жоқ деуге де болады. Оқушылар сарайы бар, бірақ ол жерде музыка мектебінің білімін бермейді. Музыкалық колледж атымен жоқ. Кезінде сол жақта профориентациялық жұмыстар жүргізіп, гуманитарлық колледжде оқып жүрген бір талантты баланы дайындық курсын оқытпастан, бірден консерваторияның 1-курсына қабылдаттырдым. Ол – Есбол Шаңбаев деген әнші. Қазір біздің орталықта ұстаздық етіп жүр».
Өнер мектебіне қабылдау талаптары
Сәуле Жанпейісованың өнер мектебінде оқығысы келетін балаларға ешқандай талаптар қойылмайды. Себебі, «кез келген адамға домбыра үйретуге болады»,- дейді әнші.
«Қазақ – талантты халық. Мыңның ішінде біреуі ғана құлағын аю басып кеткен, өзін мүлдем естімейтін болуы мүмкін, қалған 999-ы не әнші, не жыршы, не күйші болып шығады. Кез келген қазақты алып әнші жасауға, домбыра үйретуге болады. Ол үшін адамның қызығушылығы, оған үйрететін педагогтың тәжірибесі болуы керек, дұрыс әдістемесін білуі керек. Сондықтан, үйренемін деп талаптанып тұрған балаға үйретеміз. Әр баланың жүрегіне жол табуға тырысамыз. Егер балаға тапсырманы шамадан тыс үйіп-төгіп берсең, болмаса, дауысыңды көтерсең, ол ертең келмей қалады. Балаға бір нәрсені үйрету үшін сенім ұялата білу керек. «Сенен әнші шығады, тек мынаны былай жасайықшы»,- деп түсіндірсең, қызығушылығы арта түседі. Өнер барлық адамға керек. Онсыз өмір сұрқай. Адамның жүрегін, жан-дүниесін нұрландыратын дүние – музыка. Әртіс болып, халықтың алдына шығып өнер көрсету барлығына міндет емес. Бұл жердегі негізгі мақсат – адамның жанына музыканы серік ету, таланттылардың болашағына жол ашу».
«Аманат» өнер мектебінде шәкірттерім ұстаздық етеді»
Сәуле Жанпейісованың мектебінде шәкірттері сабақ береді. Дәстүрлі ән мен жырдан Эльза Қарабалина, Есбол Шаңбаев, Рауан Әбілбаев, домбырадан Азамат Шынаров, Надежда Құлбаева, Бекзат Мұстафаев, жетіген аспабы мен домбырадан Асылай Әпенова, сырнай аспабынан Ерік Көшеров дәріс береді.
«Ұстаз болу үшін Құдайдан берілген қасиет керек. Кейбір жақсы әншінің ұстаздық қыры болмауы мүмкін. Кейде керісінше болады: мықты ұстаз, бірақ сахнада ән айта алмайды. Надежда қызымыз өзі әлі консерваторияда білім алып жүрсе де, бізде шәкірт тәрбиелеп жатыр.
«Жақында бір ана бес жасар баласын домбыраға алып келді. Бала болса, класта тұрған фортепиано аспабын көріп, домбыраға бармаймын, пианино үйренем деп жылап, байбалам салды (күліп). Бірақ анасы бой бермеген соң, домбыраға бердік. Қазір Надеждада оқып жүрген кішкентай Асылдосымыз бірнеше күй үйреніп, концертке шықты. Өзі сондай талантты бала».
«Аманат» өнер мектебіне фортепиано, эстрадалық вокал сабақтарын сұрап келетіндер көп. Сұраныс толастамағандықтан, бағдарламаға аталған сабақтар да енгізілген. Бұл бағыт бойынша Ақбота Қалдыбай мен Қонысбек Саханов дәріс беруде.
Дайындық кестесі
Өнер мектебі апта бойы таңғы сағат 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Қазір онда 5 жастан бастап, 65 жасқа дейінгі шәкірттер білім алып жүр.
«Жақында қызық жағдай болды. Астанадағы мектебімізге бір ата-ана 3 жасар баласын алып келіпті. Біздің мектепте фортепиано үйретіп, 5 жасынан бастап кәсіби мектепке бермек екен. Бірақ үш жастағы бала әлі ештеңені түсінбейді. Аспаппен ойыншық сияқты ойнап отыруы мүмкін. Ал құр ойнатқаны үшін ақша алу – күнә. Қызым бір сабақты өтіп көріп, ата-анасына баланың әлі кішкентай екенін түсіндіріп, төрт жастан асып, бес жасқа жеткенде алып келуін өтінген».
Әншінің айтуынша, мектепте түрлі қызықтар болып тұрады екен. Жақында Бейбарыс есімді баланы әжесі ертіп келген. Бала орысша, ағылшыншаға судай, рэп айтатын болса да, домбыраға апармақ болған әжесінің көңілін қимаған.
«1 қыркүйек Білім күніне орай театрда мектебіміздің жазғы демалыста 2-3 ай оқыған бүлдіршіндерінің сахнадағы тұсауын кесіп, «Біз – өмірдің гүліміз» атты концерт ұйымдастырдық. Осы концертте тұңғыш рет өнер көрсеткен Бейбарыстың домбыраға деген ынтасы оянып, қолынан домбырасын тастамайтын болған. Бүгінде ол: «Бірінші орында әжем мен домбырам, екінші орында атам мен мектеп, үшінші орында әкем мен анам, бауырым»,- деп айтады екен. Бұны естіген әжесі «Аманат» өнер мектебінің ұжымына дән риза».
«Тағы бір орысша, қытайша, ағылшынша білетін Аделя есімді қызымыз бар. Атасы оны фортепианоға алып келген, бірақ біз домбырамен ән айтудан тәжірибелік сабаққа алдық. Балаларға бірінші «Күміс құмған» әнін үйреттім. Сонда Аделя күміс құмғанның не екенін сұрады. Оған «Серебряный чайник» деп аударып берсем, «Как? Песня про чайник что ли?»- деп күлкісін тоқтата алмай қалды. Қазақ балалардың біреуі де бұл әннің не туралы екенін, не үшін құмған туралы айтып отырғанын сұраған жоқ еді. Біз қазақша білмейтін балаға әрбір әннің мағынасын түсіндіреміз. Сөйтіп балаларға тілді де, домбыраны да, ән айтуды да үйретіп жатырмыз».
Сәуле Жанпейісованың Алматыдағы өнер мектебі Алағабас ықшам ауданындағы Алатау дәстүрлі өнер театрының 4-қабатында, 309-310 кеңселерде орналасқан. Кеңсе деген аты болмаса, кірген бойда қазақы әлемге тап боласыз. Еденге оюлы кілем төселіп, құрақ көрпелер жайылған.
«Біз дәстүрлі өнер орталығы болғаннан кейін ұлттық салт-дәстүрімізді, қазаққа тән қасиеттерді сақтауға тырысамыз. Бөлмемізді де қазақы нақышта безендіріп қойдық. Бұл балаға үйге келген сияқты әсер етіп, еркіндігіне жол ашу үшін жасалған. Өнерді үйрету арқылы балалардың бойына қазақылықтың дәнін егіп жатырмыз. Қаланың кейбір балалары қазақтың шұрайлы тілін түсінбейді. Қазіргі жастар тек ауызекі тілмен қалып бара жатыр. Қазақтың бұрынғы шешендік сөздерін, сөздің мәйегіне айналған мақал-мәтелді пайдалану қалып барады. Біз осыларды балаларға үйретеміз. Жүрегіне ұлтымыздың сөз байлығын, өнер байлығын ұялатамыз».
Сәуле Жанпейісова мектебінің бөлімшелерін еліміздің басқа қалаларынан ашу туралы жоспарлаған. Қазіргі уақытта Ақтөбедегі шәкірттерінен ұсыныстар түсіп жатыр екен. «Оның бәрі уақыттың еншісінде»,-дейді әнші.
Әншіден ата-аналарға кеңес
«Біздің халық баланың тәрбиесіне мән бере бермейді. Бала бір нәрсеге қызығып, үйренгісі келетінін айтса, кейінге қалдырып, бетін қайтарып тастаймыз. Абай атамыз айтпақшы: «Етек басты көп көрдім елден бірақ» дейтін етек бастылық бізде әлі де.
Сөйтіп жүргенде бала есейіп кетеді де, бойындағы таланты өшіп қалады. Сол себепті ата-анасы баланың бойынан қандай да бір қызығушылық көрсе, соны жетілдіруге ат салысуы керек. Дүние деген жолда қалады. Қай жақта не қалмай жатыр? Өмірдегі ең басты байлық пен мұратымыз – біздің баламыз және оның болашағы. Баланың болашағына қазірден бастап мән бермесек, ертең кеш болады.
Бір үлкен кісіге анасы бір жасар баласын алып келіпті. «Баламды осы жасынан бастап тәрбиелесем деп едім»,- десе, «Сен кеш қалдың. Бала бойыңа біткен кезден бастау керек еді»,- деген екен ғұлама.
Қазір барлық ата-ана баласын тіл курстарына береді. Одан қала берді мектептің міндетті пәндері де көп. Осының бәрімен балалардың ойлау жүйесін роботқа айналдырып жатырмыз. Бізге жоғары сыныптың балалары аз келеді. Неге? Себебі олардың сабағы ауыр. Олар өнерден алшақ жүр. Мектепте музыка пәнін 6-сыныпқа дейін ғана оқытады. Ұлттық өнерді теледидардан көрсетіп жатқан бағдарламалар жоқтың қасы. Сонда біз ұлттық өнерден, мәдениеттен алыс жүрген адамды қалай ұлтжанды етіп тәрбиелейміз? Мәдениет саласының маманы ретінде осыдан үлкен проблема көремін. Ертең ұрпағымыз өзінің өнерін түсінбейтін, қазағының әнін жат көретін болса, ол бізге мін, үлкен қылмыс болмақ. Аманаттың жүгі ауыр. Бұл бізге бабалардан қалған – АМАНАТ!