Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстан ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақтың, одан кейін Қытайдың, ЕАЭО-ға кірмейтін көрші елдердің нарықтарын игеруге ниетті.
2020 жылға дейін 17 елдің, оның ішінде Еуропалық одақтың нарығына машина жасау саласының өнімдерін шығара бастамақ. Қазірдің өзінде жекелеген өнімдерге Еуропалық одақ органдарынан рұқсат қағазын алып үлгерген.
Осыған байланысты бірінші премьер-министр Еуропалық одақ нарығына кіру үшін көп жұмыс атқару керектігін айтып отыр.
«Барлық мүмкіндік бар. Енді тек жаңа нарықтарды игеруге жұмыс істеу қажет. Әр уақытта әйтеуір бір қиындықтарға сілтеме жасау, әрине, ыңғайлы. Бірақ ол өндірістің дамуына және бәсекеге қабілетті болуға көмектеспейді. Осыған байланысты Үкіметтің атынан мынаны айтқым келеді. Біз өндірушілерімізден күнделікті жұмыс істеуге және машина жасау саламыздың бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін көмек бере алатын барлық мәселелерді шешуге дайынбыз», — деді Асқар Мамин.