Орал–Тасқала бағытындағы тас жолдың халықаралық маңызы зор. Ресейдің бірнеше облысына шығатын бұл жолды жөндеу жұмыстары бірер жылдан бері шешуін күтіп тұрған мәселе болатын. Жалпы ұзындығы 104 шақырымды құрайтын жолдың биыл 80 шақырымнан астамы жөнделмек. Бұл үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 9,5 млрд. теңге қаржы бөлінген болатын.
— Биыл мемлекеттің зор қолдауының арқасында облыс бойынша 500 шақырымнан астам жол жөндеу жоспарланған. Ол үшін 36,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл былтырғы көрсеткіштерімізбен салыстырғанда едәуір көп. Мысалы былтыр 290 шақырым жол жөнделген болатын. Орал – Тасқала жолының транзиттік дәліз ретінде маңызы жоғары. Өйткені Ресейдің бірнеше қаласына осы бағыт арқылы қатынайды. Сондықтан тас жол құрылысының уақытында аяқталуы мен сапалы жүргізілуіне ерекше мән беру керек. Әрине, жол жөндеу жұмыстарының өзіндік қиындықтары бар. Мысалы біздің облысымызда қиыршық тас пен битум жоқ. Қиыршық тасты Ақтөбеден, битумды Ақтаудан алып келу керек. Екі облыстың арасындағы арақашықтық алшақ. Сәйкесінше, құрылыс материалдарының да бағасы қымбаттайды. Ал осы шығындарды есептеген мердігер компаниялар конкурсқа қатысуға аса ниет білдірмейді. Бірақ біз бұл мәселені барынша шешуге күш салып жатырмыз. Биыл Бөкейордасы және Жәнібек аудандарында да 10 көшеден жөндеуді жоспарлағанбыз. Жол қашықтығына байланысты онда да мердігерлер анықталмады. Алайда алдағы жылы бұл мәселені оң шешудің жолдарын қарастырдық. Сонымен қатар құрылыс компанияларының жұмыс сапасына да мән берген дұрыс. Расы керек, қазір олар мол тәжірибе жинады, — деді облыс әкімі өз сөзіне.
Сондай-ақ облыс әкімі А.Көлгінов жол құрылысы жұмыстарының уақытында аяқталуына ерекше мән беру керек екендігін ескертті. Күн суытқанға дейін жоспарлы жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Айта кету керек, жол жөндеу жұмыстары облыс орталығында да, аудандарда да екі ауысымда ұйымдастырылған.
Бұдан бөлек, биыл Тасқала ауданының инфрақұрылымын жақсартуға 1 млрд.300 млн.теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат есебінен қазіргі уақытта ауданішілік 6 жол жөнделу үстінде. Оның 5-еуі биыл, 1-уі келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2 көшенің құрылыс жұмыстары былтыр аяқталды. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 3 елді-мекенге ауыз су жеткізу жұмыстары жүрсе, аудан орталығының 8 көшесі де таза сумен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар БҚО әкімі балаларға арналған ойын алаңдарының құрылысымен танысып, айналасын көгалдандыру керектігін айтты.