Кәмила есімді жеткіншектің мектепке бармауына құжаттарының жоқтығы себеп болған. Тіпті туу туралы куәлігі де жоқ. Анасы бірнеше рет құжат жасатпақ болса да, еш сәті түспеген көрінеді. Ақыры Бостандық аудандық кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс істейтін арнайы мекемеге барған.
«Менің қолымда ешқандай құжатым, қызымның туу туралы куәлігі де болмады. Мен бұл үшін айыппұл төлеймін деп ойладым және сол үшін мені ана құқығынан айырады деп қорықтым. Енді жауапты орындардың көмегімен тез арада құжаттарым ретке келіп, баламның білім алуына бар жағдай жасалып жатыр», — деді Елена Куприянова.
Камила осы аптадан бастап Мерей ауылындағы мектептің оқушысы атанды. Қазір ол жазу, сызуды меңгеріп жатыр. Мұғалімдер балада ешқандай ауытқу жоқ, тек мектеп бағдарламасын игеріп кетуге біраз уақыт керек, дейді.
«Камила өте сүйкімді, ақылды. Ешқандай кемшілігі жоқ, тек қана бір кемшілік — ол әріп пен есепті білмейтін. Бірақ ол жағдай баланы не балабақшаға, не мектепке апармағандықтан болып отыр. Бір-екі әріпті ғана оқуды біледі. Бірақ қазір бар жағдайды жасасақ,қыз тез, еркін меңгеріп кетеді», — деді Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева.
Зағипа Балиева жеткіншектің жағдайын өзі бақылауға алатынын айтты.