Басты бетЖаңалықтарАрменияда Қазақстан...

Арменияда Қазақстан кино апталығы өтуде

Фестиваль Қазақстан мен Армения Республикасының дипломатиялық достығына 25-жыл толуына орай өткізіліп отыр.

Бірнеше күн бойы шетелдік көрерменге отандық режиссерлардың үздік туындылары көрсетілуде. Фестивальді Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі ашты.

19 қыркүйек күні Рүстем Әбдірашевтің «Сталинге сыйлық» картинасы көрсетілді. Фильм қазақ ауылына жер аударылған Саша есімді жетім еврей бала туралы баяндайды. Оқиға өткен жүзжылдықтың 50-жылдары болған.

20 қыркүйекте «Балалық шағымның аспаны»картинасы ұсынылды. Кинотаспада Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы мен жасөспірім кезеңі суреттелген.

21 қыркүйек күні фестиваль қонақтарына Сергей Бодров, Талғат Теменов және Иван Пассер түсірген «Көшпенділер» тарихи таспасы көрсетілмек. Басты кейіпкер — Мансұр, халық арасында XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген қолбасшы Абылай хан есімімен танымал.

22 қыркүйекте Эльдор Оразбаев түсірген «Транссібір экспрессі» ұсынылады. Картина барлаушы Чадьяровтың шытырманға толы оқиғаларын баяндайды. Басты рөлді Халық әртісі Асанәлі Әшімов сомдады.

Айта кетейік, фильмдер көрсетілімі «Мәскеу» кинотеатрында орыс тілінде берілуде.

ДереккөзArmenpress.am