Ауданның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке арқау болды. Баспасөз мәслихатына аудан басшысы Ә.Жоламанов қатысып, есеп берді.
Оның айтуынша, ауданның білім беру саласында 46 жалпы білім беретін мектеп (24 орта, 12 негізгі, 10 бастауыш мектеп), 2 саз мектебі, балалар шығармашылығы және туризм және экология орталықтары бар.
Білім беру ұйымдарында 1031 педагог жұмыс жасайды. 10 білім беру ұйымында кадр жетіспеушілігі 22 мұғалімді құрайды. 2017 жылы ауданға 15 жас маман жұмысқа келді.
Білім саласына ұдайы көңіл бөліп отырмыз. Биыл облыстық бюджеттен 151,4 млн теңге бөлініп, Есенсай орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» Б.В. компаниясының қолдауымен Шабдаржап ауылында жоба құны 635,7 млн теңгені құрайтын 198 орындық екі қабатты жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Аудан орталығындағы 300 орындық Абай атындағы мектеп-гимназия, Атамекен ауылындағы 108 орындық мектеп ғимаратының құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда – деді аудан әкімі.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында бюджеттен 265,2 млн. теңге бөлініп, 15 мектеп «роботтехника», шағын мектептер 75 интерактивті кабинеттермен жабдықталған. Балалар түгел жазғы демалыспен қамтылған. 500 оқушы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне сапарлап қайтқан.
Мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99,9 пайыз (9 балабақша, 3 мектеп-балабақша, 2 жеке балабақша, 33 шағын орталық). 430 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Бұл мәселені жүйелі шешу мақсатында аудан орталығында 280 орындық жаңа балабақша ғимаратын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі уақытта аталған нысан құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралуда.