Еуропа құрлығында неміс тілін білетін жұрттың бағы айрықша жанып тұр.
Неміс тілін білетін ұлт өкілдерінің жалақыларына үстеме (бонус) ретінде жұмыс берушіден орташа 15000 еуро алады екен. Сәйкесінше, неміс тілін үйренуге ден қойғандардың саны күн санап артып, екі-үш тілді полиглоттар көбейіп келеді.
Басқа жұрттың тілін меңгеру адамның қадір-қасиетін арттырып, түсінік-пайымын байыта түседі.
Дегенмен, Чикаго Университетінің оқымыстылары, екінші бір тілде ойлай алу қабілеті эмоцияны тұмшалап, мейлінше рационалды болуға жетелейді деп түйін жасаған. Бұл – бизнеспен айналысатын адамдарға пайдалы ақпар. Осы орайда, «қандай тілдерді меңгерген абзал?» деген заңды сұрақ туады.
Қазіргі таңда ағылшынды екінші тіл қып қосақтап алған жалпы жұрт 500 миллион, ал оны ана тілім деп білетіндер 340 миллион. Яғни, алпауыт компаниялар ағылшын тіліне ерте көшкен. Іс-қағаздар тілі, негізгі жұмыс тілі – сөз жоқ, ағылшын.
Қытай жұрты Конуфуций институттары арқылы қытай тілінің аумағын ерекше кеңейтуде
The Economist-тің бизнес бөлімінің тізгінін ұстаған Даниел Франклиннің пікірінше, әлемде ағылшын тілін өкшелей қуып, «қанаты қатты, мойны бос» испан келеді. Алайда, оның әріптесі Саймон Лонг мүлдем кереғар бағытқа, Қытай жаққа сілтейді. Экономикасы екпінді, саясаты тегеурінді Қытай жұрты Конуфуций институттары арқылы тілдің аумағын ерекше кеңейтуде. Бұған қоса, аталған журнал жүргізген сауалнамада португал, арап тілдері де аса көп ұпаймен алдыңғы қатарға шыққан.
Ал Nomadcapitalist сайты;
- Қытай
- Араб
- Испан
- Орыс
- Португал
тілдерін берешегі мол, келешегі зор тілдердің алғашқы бестігіне кіргізіп отыр. Шындығында, жаһандану одан әрі күшейе түскен заманда кез келген адам бірнеше тіл білгені абзал-ақ.