Өңір басшысы алдымен «Оқжетпес» стадионында болып, алаңды жасанды жабындымен ауыстыру жұмыстарының барысын қарады. Өткен жылы ғана стадионға күрделі жөндеу жүргізіліп, жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолақтары қайта жаңғыртылған болатын. Табиғи шөп өсірілген футбол алаңы жаз ортасына дейін дайын болмайтындығы себепті, команда ойындарын үнемі сырт алаңдарда өткізуге мәжбүр болып келген еді. Бұл облыс футбол командасының ойын көрсеткіштеріне де біршама теріс әсерін тигізген. Осы жай ескеріліп, биыл жазда алаңды жасанды жабындымен жабу қолға алынған еді. Стадион директоры Юрий Бондаренконың айтуынша, жасанды жабындымен жабу жұмыстары толық аяқталған.
Енді комиссия қабылдаса, стадион жұмысқа әзір. Жөндеуден өткен стадионда биылғы жылдың 15 қазанында «Оқжетпес» футболшылары «Таразды» қабылдамақ. Бұдан кейін облыс басшысы Ғабдуллин көшесінің жолын жөндеу жұмысының жайын көрді. Әуезов көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі аумақтағы жолды күрделі жөндеуге 872,807 миллион теңге бюджет қаржысы бөлінген екен.
Жұмыс биылғы жылдың маусым айында басталып, қазір жылу және су желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Ван» серіктестігі. Жөндеу жұмыстары 2018 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі күнге дейін 551,8 миллион теңгенің жұмысы игеріліпті. Краснояр селосына кіретін Симферополь көшесінің жолына биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, бір шақырымнан астам жолға асфальт жабындысы төселген. Қазіргі күні кент орталығындағы бірнеше көшелердің жағажолдарына жөндеу жүргізіліп жатыр.
Мәлік Мырзалин көп салалы №3 мектеп-гимназиясында болып, өткен жылы ғана пайдалануға берілген ғимаратты аралап көрді. Жаратылыс тану, математика бағытында білім беретін оқу орнында үш жүзден астам бала білім алады. Орталық жылу жүйесіне қосылған мектепте балалардың білім алуына қажетті жағдайлар түгел жасалған.
Облыс басшысы сондай-ақ, «Мансұр» жеке меншік балабақшасында болып, атқарып жатқан жұмыстарын көріп, танысты. 140 орындық балабақшада бүгінгі күні соншама бүлдіршін тәлім алуда. Алты топ болса, оның бесеуі қазақ, біреу орыс тобы. Өткен жылы жұмысқа кіріскен балабақша мектепке дейінгі тәрбие қызметімен қамтамасыз ету мәселесін шешуге игі ықпалын тигізіп, 25 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Краснояр кентіндегі ертеректе тұрғындары көшіп кетіп, босап қалған үйлердің барлығы дерлік қайта жаңғыртылып, тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге игі ықпалын тигізуде. Облыс басшысы ат басын тіреген 32 пәтерлік үш қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары қазір аяқталуға жақын екен. Үйдің төменгі қабаттарында адамдар қоныстанып, тұрып жатыр. 32 пәтерлік үйдің 6-уы коммуналдық меншікке көшсе, қалғандары сот шешімімен иесіз деп танылып, қаланың коммуналдық қызмет меншігіне алынған. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде қайта қалпына келтіріліп, болашақта сатып алу келісімімен жалға берілмек.
«Красный Яр қалаға қарасты елді мекен сондықтан, оның жалпы келбеті облыс орталығына сай болуы тиіс», — деді Мәлік Мырзалин.
Өткен жылы пайдалануға берілген Краснояр кентін жылумен қамтамасыз ететін модульді қазандық «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарайды. Жаңа қазандық жұмыс істегелі кент тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Қазіргі күні қазандық 23 көп пәтерлі үй мен 6 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуде. Қазандық қуаты әлі де біраз нысандарды жылытуға жетеді. Биылғы қыс маусымына қажетті көмір қоры дайын екен.
Сондай-ақ облыс басшысы «Агротрейд Көкше» ЖШС картоп алқабында да болды. Биыл аталмыш серіктестік 300 гектарға картоп егіп, гектарынан 300 центнер өнім алуда.