Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Сакошевтің хабарлауынша, акция жеті күнге созылып, қала мен аудандарда «Бiлiм», «Асар», «Тағзым», «Өнер» бағыттарында мамзмұнды шаралар, қызықты кездесулер ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі қонағы әлемдегі он төрт ең биік шыңды оттегі қолданбай бағындырған атақты альпинист, жерлесіміз Мақсот Жұмаев болғаны даусыз. Ол жастарға табандылық танытса алынбайтын қамал жоқтығын өзінің мысалы арқылы баяндап берді.
-Ең бастысы өмірге дұрыс қадам жасап, алған беттен таймау. Жайық өңірінің кез-келген өрені мен секілді үлкен жетістіктерге жете алады. Тек ол үшін аянбай тер төгу қажет. Осы сапарым барысында мен өзім оқыған Подстепное орта мектебінде болдым, алғашқы ұстазым Зинаида Сарсеновамен кездестім. Жалпы, туған жеріме келіп, сіздермен жүздесіп, бойыма айрықша қажыр-қайрат жинадым – деді Мақсот Жұмаев жастармен басқосуда.
Акцияға облысымыздың 4 іргелі оқу орны студенттері, студенттік өзін – өзі басқару ұйымдарының өкілдері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары мен белсенді жастар қатысты. Акция барысында 250 студент бір мезгілде, бір жерге жиналып, «Рухани жаңғыру» логотипін бейнелеген флэшмоб көрсетті.
Еске сала кетейік, Мақсот Сағынтайұлы Жұмаев (1 қаңтар, 1977 жыл, Орал) — қазақ альпинистерінің бірі әрі бірегейі. Ол Қазақстан мен Қырғызстандағы барлық тауларды бағындырды. ТМД аумағында табаны тимеген жер қалмады. Тіптен, әлемдегі ең биік шың – Эверестің ұшар биігіне шықты. Бір ғана мысал, әлемде биіктігі 8 000 метрден асатын не бары 14 тау болса, соның 14-сіне Жұмаевтың табаны тиді. Сондай-ақ ол — Қазақстанның биіктік сыныбындағы альпинизм бойынша бірнеше мәрте жүлдегері және чемпионы. Альпинизмнен ҚР ашық біріншілігінің чемпионы (2001); Амангелді шыңына шапшаң өрмелеу жарысының жүлдегері (3 999 м.), биіктік айырмасы — 2 400-3 970 м (2000-2001); Комсомол шыңына жылдам шығу жүлдегері (4 376 м), биіктік айырмасы — 2 300-4 376 м (2000). Халықаралық кластағы спорт шебері.