Дулат Сиқымов – таеквондо спортынан үміт күттірер спортшыларымыздың бірі. 15 жаста болса да, едәуір жетістікке қол жеткізген спортшымыз әуеліде грек-рим күресінің үйірмесіне қатысқан.

«Ата-анам мені грек-рим күресіне берген болатын, бірақ оған екі-үш ай ғана қатыстым. Себебі, бұл спорт мені қатты қызықтырмады. Оның үстіне жаттығу залы да үйден алыста еді. Сөйтіп жүргенде сыныптастарым таеквандоға қатысып жүргендерін айтты. Олардың айтуынан-ақ, бұл спорттың менікі екенін ұқтым. Себебі онда аяқпен тебуге болады. Тіпті таеквандоға даярлайтын жері де үйге жақын екен. Сөйтіп 3-сыныпта үйдегілерге грек-рим күресіне емес, таеквандоға баратынымы айттым. Қарсы болған жоқ. Алғашқы уақытта сыныптастарыммен бірге қатысып жүрдік. Кейін олар шығып кетті. Біреуі әнші болып жүр, екіншісі басқа салада (жымиды). Мен ғана соңына дейін қалдым. Қазір осы спорт қатты ұнайды. Сыныптастарыма алғысым шексіз, ризамын»-дейді Дулат.

Дулат Сиқымов 7-сыныптан бастап «Шаңырақ» спорт мектебінде оқиды. Өзінің айтуынша, бұл мектептің оған бергені көп. Көптеген жарқын жеңістеріне осында оқып жүргенде қол жеткізген. Айнымас, адал дос тапқан. Оның есімі – Елжан Елшібай. Елжан — 45 килограмм салмақта Қазақстан чемпионы.

«Елжан екеуіміз бауырлар сияқтымыз, жатақханада да бірге тұрамыз».

Елжан Елшібай, болашақ чемпион
©Baribar.kz

«Алғашқы жеңісіме сегіз жасымда жеттім»

Дулаттан алғашқы жеңісі туралы сұрағанымызда, Алматы қаласында өткен турнирді есіне алды.

«Ол кезде орын аламын деп күтпедім. «Барамын да ұтыламын» деп ойлап барып, бардым да бірінші орын алдым (күлді). Ол кезде сегіз жаста едім. «Шаңыраққа» түскен жылы Қазақстан чемпионатына барып, Елжан екеуіміз де бірінші орын алдық. Сөйтіп Азия чемпионатына жолдама ұтып алдық. Ол жақта екеуіміз де үшінші орын алдық. Одан кейін Әлем чемпионатына бардық (күліп). Онда үш кездесу жасадым. Біріншісі үндістандық бала болды. Оны ұтып, корейлік спортшымен шығып, алтын раундта ұттым. Одан кейін ирандық спортшымен кездесіп, үшінші орын алдым. Сол кезде қатты қуандым. 14 жасымда Әлем чемпионатының жеңімпазы атану – менің өзіме деген сенімімді оятты, жігерімді арттырды».

Бұрын даянға 68 килограмм салмақта шығып жүген Дулат 11-13 тамыз аралығында Ташкентте өткен Азия елдерінің арасындағы Бүкіләлемдік таеквандо федерациясы (WTF) Президентінің кубогына жаңа салмақта — 73 килограммда шықты. Бұл — олимпиада салмағы.

Дулат Сихымов
Дулат Сиқымов таеквондодан Еуропа чемпионатында

«Ташкентте төрт кездесу өткіздім. Біріншісінде өзбек баласымен шығып, 21:8 есебімен ұттым. Екіншісінде атыраулық баламен шығып, 20:15 есебімен жеңдім. Жартылай финалда өзіміздің Нұрбол Сабуров деген спортшымен шығып, оны да жеңдім. Финалда Сандыбаев Шыңғыспен шығып, өкінішке орай, 26:14 есебімен ұтылып қалдым. Турнир қатты қиын болған жоқ. Басқа салмақта шығып, тәжірибе жинадым. 73 килограмм — Олимпиада салмағы. Енді нәтиже көрсетуге барымды саламын. Олимпиада шыңын бағындырамын!»

Дулаттың финалда есе жіберуіне жарақаты себепші болған. Осыдан екі-үш ай бұрын Ростов қаласында өткен дайындықта аяғын жарақаттап алыпты. Енді жазылып келе жатқанда, жаттығу кезінде бір баланың шынтағы тиіп кеткен.

«Жарақаттан соң спорттан көңілің қалып, тастап кеткің келмей ме?»- деп сұрайтындар көп. Оған бола спорттағы армандарыңды құрбан етуге болмайды деп ойлаймын. Жарақат – уақытша қиындық. Өтеді де кетеді. Ол бізге кедергі емес».

Дулат Сихымов, болашақ чемпион
©Baribar.kz

Жарақат алып, уақытша қиындықтарға тап болған спортшылар үшін бапкерлердің қолдауы маңызды. Дулат әрдайым жанашырлық танытатын жаттықтырушыларына дән риза. Сөз арасында Райбеков Болат пен Бақытжан, Жанабаев Ерасыл, Сұранов Мырзағали, Ербол Сұлтанов ағайлары мен Айнұр Асабаева апайына рахметін айтты. «Олар – біз дегенде жанын беруге даяр адамдар. Олардың сенімін ақтау – біздің парызымыз»,-дейді Дулат.

«Бапкер болғым келеді»

«Әр спортшының арманы – олимпиада чемпионы болу ғой. Мен де солардың бірімін. Мектеп бітірген соң Спорт және туризм академиясына түсіп, кейін бапкер болғым келеді.  Баламның  да спортқа барғанын қалаймын. Алайда, ол басқа салаға кетемін десе, кедергі болмаймын. Мен де өз ата-анам сияқты өзгелердің таңдауына құрметпен қараймын».

Дулаттың таеквандо спортын таңдауына Мұстафа Өзтүріктің де әсері болғаны анық. Жеті дан, қара белбеуі иегері, алты дүркін әлем чемпионы атанып, 1991 жылы Қазақстанға осы спортты алып келген спортшыға Дулат та еліктейді. Ел үміт күткен болашақ чемпионға біз де Өзтүріктің жетістігін тіледік.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.