Заң жобасын талқылау бойынша қоғамдық пікір көшбасшылары мен ғылыми-сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
«Біз заң жобасының жұмысына мемлекеттік органдармен қатар қоғамның да белсенді араласуына мүдделіміз. Біз үшін азаматтық қоғамның барлық өкілдерімен ашық сұхбат жүргізу маңызды» деп атап өтті вице-министр Берік Арын өз сөзінде.
Заң жобасын таныстырған Еркін Оңғарбаев қатысушыларды заң жобасына енгізіліп отырған өзгерістермен және толықтырулармен жан-жақты таныстырып өтті. Заң жобасын дайындау барысында мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығы мен азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері барынша ескерілген. Қолданыстағы заңнамаларға жаңа нормаларды енгізу барысында халықаралық тәжірибеге баса назар аударылған.
Жиынға қатысушылар дін саласындағы заңнаманы жетілдірудің және аталған құжатты қабылдаудың қажеттілігіне жалпы қолдау көрсете отырып, заңнама жобасына қатысты өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді. Шараны тұжырымдаған вице-министр Берік Арын кездесуге қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бүгінгі айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулердің мұқият зерттеліп, қарастырылатынын атап өтті.
Айта кетейік, аталған іс-шараға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Б.С. Арын, Министрліктің Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Е.Ә. Оңғарбаев, Азаматтық қоғам істер комитетінің төрағасы Ә.Қ.Ғалимова, сонымен қатар танымал ғалымдар, дінтанушылар, теологтар, заңгерлер, блогерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болып табылатын А.Бижанов, Ә.Дербісәлі, Н.Байтенова, Е.Бурова, Н.Сейдахметова, Е.Дүйсенов, Р.Подопригора, А.Әбуов, Б.Сатершинов, А.Сабдин, Е.Шохаев, А.Сарым, Р.Жұмалы, М.Телібеков, И. Қуанышқызы және тағы басқа да сарапшылар мен қоғамдық пікір жетекшілері қатысты.