Ислам және батыс медиасы

Бұлай деп кесіп айтуымыздың өз себебі бар. Түбі Таяу Шығыс елдерінен шыққан содыр террорлық шабуыл жасала қалса, ақпарат міндетті түрде Ислам дінімен байланысты таралады. Ал христиан дінін ұстанатын содырлардың әрекеті террорлық сипат алуы неғайбыл. Тіпті, батыс ғалымдарының өздері баспасөз беттеріне шолу жасап, зерттеу жүргізіп, медиадағы Исламның бейнесі көп жағдайда сыңаржақ болатынын анықтаған.

Батыс медиасының ислам діні мен мұсылмандар туралы жиі жазуы 2001 жылы Нью-Йорктағы террористік шабуылдан кейін көбейді. Бұл үрдісті ең әуелі байқап, алғаш айтқандардың бірі Кил университетінің ғылым докторы Элизабет Пул болатын. Ол өзінің 2002 жылы шыққан «Ислам репортажы» кітабында бұл мәселені жан-жақты тарқатып, Исламға қатысты сыңаржақ пікірі үшін Ұлыбритания медиасын сынға алған еді. Элизабет Пулдың айтуынша, Британия баспасөзі Ислам дінінің кемшілігін іздеп, әрдайым терроризм, фундаментализм және қарсылық секілді келеңсіз тақырыптармен дінді байланыстырып отырған. Сондай-ақ, олар өз көзқарастарына сай келетін тақырыптарды таңдап, Исламға қатысты басқа жағымды жаңалықтарды назардан тыс қалдырған екен. Профессордың Пулдың айтуынша, батыс медиасының бұлай бұлдануының өз себебі бар. Оның пікірінше, батыс елдері Ирандағы 1979 жылғы революциядан кейін мұнайлы аймақтарға өктемдігін жүргізу үшін Ислам дінінің жаңаша келбетін қалыптастыруды мақсат еткен.

Элизабеттің Пулдың пікірін кейіннен Англиядағы басқа да ғалымдар қолдады. Мәселен, Лафборо университетінің PhD докторы Джон Ричардсон да осындай пікірді ұстанады. Ол өзінің «Исламның көрінісі» кітабында батыс медиасы Ислам мен мұсылмандарды батысқа қауіп ретінде есептегенін айтады. Оның айтуынша, Британия медиасының «Ислам» және «Батыс» деп бөлуі елдегі халықтың бірлігіне нұқсан келтіреді.

Брунел университетінің профессоры Джулиан Петлей мен Insted білім консалтингтік мекемесінің директоры Робин Ричардсон бірлесе шығарған «Саусақпен көрсету» атты зерттеуінде мұсылмандардың медиа тарапынан қиянат көргенін айтады. Олардың сөзіне сүйенсек, медиада Ислам діні батыстың жауы ретінде жиі жарияланған. Мәселен, 2008 жылы 16 қазанда Daily Mail басылымына шыққан «BBC мұсылмандарды сендердің жоғары қояды» деген мақаласы да Ұлыбританияда қатты сынға алынды. Пол Бэйкер, Костас Габриелатос және Тони Макэнери бірлесе шығарған «Британия баспасөзіндегі Исламның көрінісі» атты кітабында аталған мақаланың елдегі 1,5 миллионға жуық мұсылманның құқығын аяққа таптап, оларды өзекке тепкенмен бірдей екенін жазады.

Ұлыбритания ғалымдарының бұлай деп мәселе көтеруінің негізі бар. Елдегі медиа кейінгі кезде Ислам діні мен мұсылман атауын жиі-жиі жағымсыз сөздермен байланыстыра қолданып жүр. Жоғарыдағы зерттеуге сүйенсек, 2001 жылғы Нью-Йорктегі және 2005 жылы Лондон метросындағы жарылыстан кейін Ислам мен мұсылман атауы террор деген сөзбен бірге көбірек қолданылып, «бейбітшіліктің жауы», «жауыздықты тудырушы», «экстремист» ретінде сипатталған.

Сөзіміз дәйекті болу үшін Ұлыбритания баспасөзінен дәлел келтірейік. Естеріңізде болса, 2005 жылы 7 шілдеде Лондон метроларында жанкештілер өзін-өзі жарып жіберіп, 52 адам қайтыс болған еді. Аталған жарылыстан кейін Англиядағы беделді The Guardian және The Times басылымдарында Ислам және мұсылмандар туралы мақалалардың саны бірден артып кеткен. Қос газет сол аралықта мұсылмандар туралы бұрқыратып жазды. Жоғарыда мұсылман, Ислам сөздерінің көбіне терроризм, фундаментализммен қатар келетінін айттық ғой. Қос басылымдағы мақалалар сол сөзімізді дәлелдей түседі. Мәселен, «ислами террористік топ», «мұсылман жанкешті», «мұсылман содыры» деген секілді тіркестер Ұлыбритания баспасөзінде жиі бой көрсетті. Сондай-ақ, 2013 жылы Бостон марафоны кезіндегі жарылыста да тура сол жағдай қайталанды.

Айтпақшы, батыс медиасының бағытына сай келмеген ақпаратқа көз жұма қарайтыны тағы бар. Дүйім жұрт террористік әрекеттердің исламға қатысы жоқ екенін айтқанына қарамастан, содырлардың әрекетін асыл дінімізбен байланыстыруын тоқтатқан жоқ. Есесіне басқа дін атынан террорлық шабуыл жасағандарды ақтап алуға тырысып, дінмен байланыстырудан бас алып қашады. Дәлел керек пе? Андерс Брейвик деген Норвегия азаматы естеріңізде болар? Брейвик 2011 жылы жағажайда демалып жатқан адамдарға шабуыл жасап, 69 туристі атып тастады. Сонымен қатар, бомба орнатқан көлігі жарылып 8 адамның қаза табуына себеп болды. Андерс сот кезінде өзін талай мәрте христиан екенін, шабуылды дін атынан жасағанын айтқан-ды. Алайда батыс баспасөзі шабуылды жаппай адам өлтіру деп сипаттап, Брейвиктің психологиялық ауытқушылығы бар деп мәлімдеді.

Негізі терроризмді тек Ислам дінімен байланыстыруы бұқаралық ақпарат құралдарында да, халықаралық дипломаттар арасында да жиі кездеседі. Алайда онымен келіспейтіндер, терроризмді содырлар ғана емес, мемлекет те жасайтынын айтатындар табылды. Біраз жыл бұрын Ұлыбританиядағы Channel 4 арнасының журналисті сол кездегі Израиль хатшысы Гидеон Мейрден сұхбат алып отырғанда Палестина территориясына басып кіруді терроризммен теңестіретінін айтқан-ды.

Жалпы батыс мемлекеттері әдетте толерантты болуға үндеп, ынтымағы жарасқан ел екенін айтып, демократиясын дәріптеп жатады ғой. Олардың медиасы көп ел үшін үлгіге айналып, шынайы ақпарат тарататын құрал ретінде танылады. Әйтсе де, батыстың бұқаралық ақпарат құралдары көзқарасына сай келмейтін дүниені жақтыра бермейді. Реті келгенде мақтамен бауыздап алғанды жөн көреді. Ендеше, үлгі аламыз деп жүрген батыстың бір бармағы бүгулі екенін ұмытпаған абзал.

Абай Отар