Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінде бүгінгі ғана емес, келер ұрпақ үшін де аса маңызға ие, ұлы көшке бастар тағы бір игі бастаманы қолға алуды ұсынылып отыр. Ол – латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы. Елбасы бұл туралы көптен бері айтып келеді. Дегенмен, дәл осы жолы қоғамның алдына латын әліпбиіне көшуді маңызды міндет ретінде қойып, оған көшу үшін өте маңызды іс-шаралар мен ұлт үшін маңызды қадамдарға батыл қадам жасауды тапсырды.
Жаңа әліпби — қазақ тілінің өзіндік төлтума қасиетіне қайта оралуына мүмкіндік беретін, латын қарпі негізінде осы жазуды пайдаланып отырған өркениетті елдерге жақындасуға, әлемдік инновацияларды жедел игеруге кең жол ашатын, ұлттық жаңғырудың қозғаушы күшіне айналатын мемлекеттік маңызды шаруа. Жаңа жазу — айналып келгенде, бүкіл әлемдік технологиялық даму мен өркениеттің қозғаушы күші болып отырған англо-американдық моделге кірігуге жол ашатын болады.
Бұл туралы Алматы қаласының тұрғыны, Аягүл Миразова: «Латын әліпбиіне көшу арқылы өзге елдерде өмір сүріп жатқан 5 миллиондай қандастарымызды да қазақ халқының біртұтастығына ынталандырып, қазақ ұлтының жер бетінде сақталып қалуына жағдай туғызуға алғышарт болар еді» — , дейді.
Ал бүгінгі латын әліпбиін таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни, басты мәселе қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Сонымен Парламент қабырғасында талқыланған жобаға осы тұрғыдан назар салсақ, оның осы үдеден шығуға тырысқанын атап айтқан жөн.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кенжехан Матыжановтың айтуынша, тұтастай алғанда әліпби жобасында әлі де ойланатын, сарапқа салып, тәжірибеден өткізіп барып қолданысқа енгізетін тұстар баршылық.
«Жоба жасаушылар компьютер түйметақтасындағы 26 таңбаны тиімді пайдаланып, біздің төл дыбыстарымызды 25 таңбаға лайықтауын оңтайлы ұмтылыс деуге болады. Тіпті, түйметақтадағы бір таңба (Х) артық қалған. Оның үстіне жетпіс жылдан астам пайдаланған кирилл жазуынан сөйлеу мәнерімізге, жазу мәдениетімізге сіңген “и”, “в”,“ц”, “ф”, “ч” дыбыстарының жаңа әліпбиден орын алуын да орынды деп санаймыз», — дейді.
Сонымен қатар Кенжехан Матыжанов: «А. Байтұрсыновтан бастап, қазіргі фонетист ғалымдардың анықтауынша қазақ тілінде 28 төл дыбыс бар деп жүрміз. Жобалаушылар оған кириллицадан қосылған 5 дыбысты (“и”, “в”, “ц”, “ф”, “ч”) қосып 33-ке жеткізген. Соның нәтижесінде компьютер түйметақтасындағы (клавиатура) 26 таңба жаңа әліпбиге жетпей қалған. Сондықтан да жобалаушылар артық дыбыстарды таңбалауда қосарлы таңбаларға жүгінген. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дұрыс қадам болғанмен, біздің жазу жүйемізге сәйкес келмейтін жағдайы да бар. Ол, ең алдымен, “ә”, “ө” “ү” дыбыстарын “ае”, “ое” “ue” деп таңбалаудан оғаш көрініп тұр. Мәселен, “Аеsel”(Әсел)немесе “Koektoebe”(Көктөбе) “ueki”(Үкі) деп таңбалау оқуға да, жазуға да қолайсыздық туғызады деп ойлаймыз. Сол сияқты “ң” таңбасын беруде оның соңына “g” таңбасын қосарлау да жарасып тұрған жоқ», — деген пікірін ашық айтты.
Жалпы, латын таңбасына негізделеген қазақ әліпбиін жасаудағы басты бағдарымыз саяси-әлеуметтік, тілдік-рухани, талаптармен қоса, ең алдымен, жаңа технологияға тілек артқаны дұрыс. Сонда ғана ол бәсекеге қабілетті, тілдік прагматизмді күшейтетін, қазақ тарихындағы ең қолайлы, озық әліпбиге айналады. Және оны жеделдетіп жасап, соған лайықты емле ережесін әзірлеп, халық назарына ұсынып, біраз уақыт сынақтан өткізген жөн. Кең қолданысқа түсіп барып, тәжірибеден өткеннен кейін ғана оны озық ұлттық жазу ретінде қабылдауға болады.