Басты бетҚоғамАлматыда тегін...

Алматыда тегін тамақ салынатын тоңазытқыштар қойылды

Тоңазытқыштар қойылған жерлерге камера мен күзет орнатылған. Қаланың орталығында орналасқанына тек дүкен мен жақын маңдағы ресторанның тамақтары қойылады. Оған бөтен адамдардың әкелген тамақтары қабылданбайды. Себебі, жарамдылық мерзімі өткен, бұзылған тамақтар әкеліне ме деп қауіптенеді. Тоңазытқыш түнде сөндіріліп, жабылады. Тамақтар пластмасса ыдыстарға салынған.

Әлихан Байқоңырдың жазуынша, тоңазытқыштарды тамақпен толтырып жатқандардың қарасы көп екен. Сол себепті олардың қайда тұрғанын құпия ұстап отыр. Себебі, барлық тамаққа орын жетпей қалуы мүмкін.

Бұл бастама Астана, қарағанды, Атырау, Семей, Бішкек, Тбилисидегі кәсіпкерлердің де көңілінен шығып, бәрі өз қалаларында осындай тоңазытқыш орнатуға көшкен.

Естеріңізге сала кетейік, Әлихан Байқоңыров бұл идеясын әуелі әлеуметтік желіге жазған еді.

“Сіздер демалуға алыс сапарға аттанған кезде үйлеріңізде бұзылып кетуі мүмкін азық-түлік міндетті түрде қалады. Мерекелік кештерден соң жеп тауысуыңыз мүмкін болмайтындай азық-түлік қалып жатады, бұзылған соң оны тастайсыздар. Бекер ысырап… Сондай-ақ, тамақ өнімдеріне қатысы бар орындардан да күніне бірнеше келі азық-түлік бекер қоқысқа кетеді. Осының шешімін тапқандаймыз. “Қайырымдылық тоңазытқыштарына” тұрғындар азық-түлікті қанша мөлшерде, қашан әкелгендерін жазып кетеді. Ал жағдайы жоқтар тегін алып тұрады. Тамаша ой!”, –  деп жазды ол.

Енді, міне, іске асқан идеяның жемісін қала тұрғындары көрмек.