Шымкентте жергілікті полиция қызметіне Мейрхан Данияр Мейірханұлы тағайындалды

Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Елбасының тапсырмасымен еліміздің барлық аймақтарында жергілікті полиция қызметі құрылды. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлт жоспары — бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 30 және 31-қадамдарын орындау мақсатында әзірленген. Енді жергілікті полиция қызметінің жұмысын жүйелей түсу бізге жүктелген міндет болмақ. Осы орайда, мен жаңа тағайындалған басшының жергілікті полиция қызметінің жұмысын ары қарай жандандырып, биік деңгейге көтеретініне сенім білдіремін. Әрі жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Атап айтар болсақ, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қорғап, түрлі қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін 2016 жылы Шымкент қаласының ішкі істер департаментіне облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Бұл қаражат қала аймағының ұлғаюына байланысты, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу мақсатында, қаланың сыртына шығатын негізгі 50 көше қиылыстарына 50 дана бейнебақылау камераларын орнатуға, негізгі көшелердегі 26 бағдаршамдарды электр жарығы өшкен кезде қосылатын аккумулятормен жабдықтау үшін, 26 дана аккмулятор сатып алуға, 5 дана эвакуатор сатып алуға жұмсалады деп күтілуде. Алдағы уақытта құқық қорғау мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайтуына 100 бірлік қызметтік автокөлік сатып алуға қаржы қарастырылды.

Елбасы Тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органының бірыңғай жүйесіне құрылымды түрде енетін болады. Осыған байланысты, жергілікті полиция құру Ішкі істер органын оңтайландыру жолымен жүзеге асады. Оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол полициясы қызметкерлері, өңірлік және табиғатты қорғау, сонымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері біріктіріледі.

Өмірбаян:
Данияр Мейірханұлы 1981 жылы туылған. Ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі 13 жыл. Оның ішінде әкімшілік-полиция саласында 5 жыл. Жалпы басшы лауазымында 9 жыл қызмет атқарған. Соңғы жылдары Шымкент қаласының және Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының басшысы болып еңбек еткен.