Аталған кездесуге аудан әкімі Абат Шыныбеков және «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев, ауданның белсенді жастары қатысты.
«Назар салып қарасақ, бүгінгі күнде жастар араласпайтын шаруа жоқ деп айтуға әбден болады. Ауданымыздың қай саласында болмасын жастардың өзіндік қолтаңбалары қалуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған реформалар да мәңгілік Қазақ елі үшін жасалып жатыр. Ал бұл идеяны жүзеге асыратын да, оның жемісін де көретін де — мына отырған өскелең ұрпақ, жастар, сіздерсіздер. Сондықтан бұндай жасампаз істерден бойларында күш-қуаты тасыған, жігерлері жанып тұрған жастар шет қалмау керек деп ойлаймын. Бүгінгі жастармен кездесудегі негізгі мақсатым да осы», -деді аудан әкімі Абат Шыныбеков өз сөзінде.
Аудан әкімі мен жастар қауымының бейресми кездесуі жасыл желекті, тамаша табиғат аясында өтті. Кездесу барысында жастар қызықты тренингтер өткізіп, ойын ойнап, әсем әннен шашу шашты.
Сондай-ақ, жастар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын аудан әкіміне қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар «Туған өлке» тарихи-танымдық экспедициясы кездесулерде туған өлкенің қадір-қасиетін насихаттауды да басты тақырыптарына айналдырды.
Жастардың бейресми кездесуі флешмобпен жалғасты. Жиналған жастар ортаға алау тұтатып, гитарамен бард әндерін орындады. Бұл әнді жастармен қатар арнайы шақырылған қонақтар да қосыла шырқады. Бейресми кездесу барысында қоғамдағы басты мәселелер талқыланып, маңызы зор шараның берері көп болды.