Алматы әуежайында бағасы ойға қонымды арзан асхана ашылды

Алматы әуежайында жолаушылардың қалтасын қаққан қымбат асханаларға бәсеге пайда болды. Бұрын 1600 теңге көлемінде тек минералды су ғана алсаңыз, енді сол ақшаға кешенді ас ішуге мүмкіндік туды. Ашылғанына бірнеше ай болған мына тамақтану орны жолаушылардың да көңілінен шығып үлгеріпті.

«Бұл асхана әлеуметтік жоба секілді ашылған сияқты. Неге десеңіз, бұл барлық жолаушыларға арналған. Рейстердің арасында келіп тамақтанып алуына болады. Бағасы да көңілге қонымды. Оған қоса, мұнда әуежай қызметкерлері де келіп тамақтанып жатқанын көріп отырмыз. Ал тағамдардың сапасы мен дәміне келетін болсақ, 5 деген баға берер едім», — деді Алматы қаласының тұрғыны Айман Қаймолдина.

Шаһарда ашылған дәл осы асхана франшиза жүйесімен келген. Тамақтану орнының әкімшілігі алдағы уақытта кеңеюді жоспарлап отыр.

«Біздің негізгі мақсатымыз – халыққа арзан әрі сапалы тамақ ұсыну. Болашақта Алматыда да бірнеше жерде ашу жоспарымызда бар. Келген адамдар алғыстарын білдіріп жатыр», — деді асхана директоры Майра Байнишова.

Мұндағы тағамдардың бағасына келетін болсақ, айырмасын көрмейсіз. Қаладағы қоғамдық тамақтану орындарының құнымен бірдей. Бірақ әуежайдағы асханадан сәл арзан. Осыған дейін бағаны төмендету мақсатында әуежай әкімшілігі сусын мен шай-кофе сататын құрылғы да қойған болатын. Бірақ бұл айтарлықтай нәтиже бермеп еді.

Дереккөзnur.kz