Ресейлік Каспий флотилиясы Ақтау қаласына бейресми сапармен келді. Ондағы мақсат — Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері мен Ресей Федарациясының Әскери-теңіз флоты арасындағы екіжақты достастықты арттыру.
Ресейден келген әскери кемелер тобын Каспий теңізінен еліміздің Әскери-теңіз күштерінің ұрыс кемелері күтіп алды. Кемелер тобын екінші ранг капитаны Андрей Поляков басқарып келді. Оның құрамына «Великий Устюг» кіші зымыран кемесі мен «МБ-58» теңіз буксирі бар.
21631 жобасының (шифрі Буян-М) «Великий Устюг» кіші зымыран кемесі жоғары дәлдікпен ерекшеленетін заманауи зымыран қаруларымен жабдықталған. Ол Ресейдің Сириядағы әскери операциясына қатысып, «Ислам мемлекетінің» инфрақұрылым нысандарына бірнеше зымыран шабуылдарын жасады.
«МБ-58» теңіз буксирі ашық теңізде апатқа ұшыраған кемелерді құтқаруға арналған. Ол өрт сөндіріп, кемені судан тазартып, қайырға тұрып қалған кемелерді шығара алады.
Екі елдің Әскери-теңіз күштерінің кездесуі аясында салтанатты түрде күтіп алу шаралары, Ақтау халықаралық әскери сауда портында швартовка, Ақтау қаласының әкімдігіндегі шаралар, қала тұрғындарына кемелерді таныстыру, әскерилердің арасында спорттық жарыстар өтеді.
«Ресей Әскери-теңіз флотының елімізге келуі — дәстүрге айналған шара. Ол екі ел арасындағы әскери достастықты дамытуға бағытталған. Еліміздің президенті — Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтпақшы, «Каспий — достық пен тұрақтылықтың теңізі» екенін тағы бір мәрте көрсетеді»,- дейді үшінші ранг капитаны Қалев Дастан Қалдыбекұлы.