Кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған бір топ делегация Иран еліне барып, кәсіпорындармен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Ақжайық ауданында орналасқан «Батыс Марка Ламб» ЖШС Иран ислам мемлекетіне жыл соңына дейін 1500 тонна тоңазытылған марқа етін экспорттау жөнінде келісімшартқа қол қойған болатын. Шілде айында Атырау әуежайы арқылы алғашқы партия жіберілсе, кеше Иран мемлекетіне марқа етінің екінші партиясы жол тартты. Бұл жолы өнім Тегеранға тікелей Орал халықаралық әуежайы арқылы жіберілді.
«Батыс Марка Ламб» ЖШС — тәулігіне 1400 бас марқа сойып, вакуум каптамасында бөлшектелген ет өндіретін кешен. Аталмыш жобаның құрылысы 2013 жылы басталып, 2015 жылы іске қосылған болатын. Бүгінде 80-нен астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын республика көлемінде соңғы технологияларға сай ұсақ мал етін өңдейтін және өнімі экспортқа бағытталған алғашқы арнайы кешен болып табылады.
Кәсіпорын былтырғы жылы Ресей Федерациясына 180 тонна марқа мал етін экспорттаса, биыл жыл соңына дейін қосымша тағы 50 тонна марқа етін жеткізуді жоспарлап отыр.
Біз экологиялық таза өнім шығарамыз. Сондықтан Иран елінде біздің өнім жоғары бағаланады. Бүгін міне, ирандықтармен арадағы келісімнің аясында екінші мәрте тоңазытылған ет жөнелтіп отырмыз. Иран кәсіпкерлерінің өз талаптары бар. Оларға марқа еті керек, әрі еркек мал болуы қажет. Біз олардың талабын толық қанағаттандыра аламыз. Біздің өнім сапаға қойылатын талаптарға толықтай жауап береді. Ал шикізат мәселесінде ешқандай қиындық жоқ. Облыстың шаруа қожалықтарынан, жеке иеліктегі малды қабылдаймыз. Барлық ветеринарлық-санитарлық қадағалау талаптары сақталалып, етті экспорттауға мемлекеттен рұқсат алынады. Алда өзге де мемлекеттерге ет өнімдерін экспорттау жоспарымызда бар, — дейді «БатысМаркаЛамб» ЖШС-нің директоры Руслан Темірболат.
Ал ирандық ветеринар маман Насер Карими:
— Ақжайық ауданындағы «Батыс Марка Ламб» компаниясының өнімі ұнады. Барлық нормалар қатаң қадағаланады екен. Сондықтан екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға тырыстық, — деп өз пікірімен бөлісті.
Мамандар Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары деп бағалайды. Қазірдің өзінде өңіріміздің бұл саласына қызығушылық танытушы мемлекеттер бар, олармен серіктестік мәселесі жөнінде келісімдер жүргізулуде.