Басты бетМәдениетЕрлан Төлеутай...

Ерлан Төлеутай Ақан серінің домбырасынан күй шертті

Қазақтың халық ақынының ғасырлық тарихы бар музыка аспабын Мұражайға танымал жазушы Сәкен Жүнісовтың ұрпақтары тапсырған еді.

Шығармашылық кеш барысында Ерлан Төлеутай Ақан серінің домбырасымен «Сырымбетті» күмбірлетті. Ақан серіге арналған шығармашылық кеште дәстүрлі музыка өнерінің өкілдері ақынның «Шәмшіқамар», «Маңмаңгер», «Балқадиша» және басқа да әндерін орындады. Алматының «Қала күні» аясында өткен музыка кешіне мәдениет пен өнер қайраткерлері, жұртшылық, жастар қатысты.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жеке мәдениетіміз бен ұлттық кодты сақтауға үлкен мән берілгендігін, ал бұл еліміздің мәдени жетістіктерін бүкіл әлемге паш етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында қазақ халқының мәдени- рухани мұрасы қайта жаңғыруда. Соның жарқын мысалы ретінде бүгінгі күні мұражайда 100-ден астам музыка аспаптары мен басқа да киелі заттар сақталған әрі олардың қатары жыл сайын жаңа экспонаттармен толығуда. Біз бүгін ерекше саяси оқиғаның куәсі болып отырмыз, Ықылас мұражайының қорына ұлы ақын Ақан серінің жеке домбырасы беріліп отыр», — деді Бауыржан Байбек.

Ақан сері – қазақ ән өнеріндегі қайталанбас тұлға. Ол 1843 жылы Солүтстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Қоскөл ауылында туылған, қазіргі кезде елді мекенге Ақан сері есімі берілген. Ақан сері зор даусымен, музыкаға және поэзияға деген қызығушылығымен ерекшеленетін. Ол ұлттық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына мол үлес қосты. Ұлы ақынның өмірі туралы екі томдық роман жарық көрді, оның авторы жазушы С. Жүнісов.