Сот журналист Жанболат Мамайдың үкімін шығарды

Алматы қаласының Медеу аудандық 2-сотының судьясы Дәурен Маукеев  «Жанболат Мамайдың айыбы сот барысында толық дәлелденгенін» айтып, оны 2 жыл 5 ай 5 күнге бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, 3 жыл журналистік қызмет етуден тыйып, сот залынан босатты.

Прокурор Жанболатқа 3 жыл бас бостандығын шектеу мен 3 жылға журналистік қызметтен алыстату жазасын беруді сұраған еді. Сот бұл мерзімнен Жанболаттың 10 ақпаннан бері қамауда отырған уақытын шегеріп тастады.

Саясаткер Айдос Сарым бұл үкімді «жартылай жеңіс» деп атады.

Естеріңізге сала кетейік, «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда «Әблязовтың ұрлаған қаржысының бір бөлігін газеті арқылы жасырған» деген айыппен қамауға алынды. Сот 14 тамызда басталған еді. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамады.