«№15 тапсырма 2015 жылы интернетте жарияланған. Мүмкін онда есепті басқа бір оқулықтан көшіріп салған болар. Тіпті цифрларын да өзгертпеген. Қазір кез-келген оқушылар мен студенттер шығармалар мен рефераттарын интернеттен алады, бірақ сөздерді синонимдерімен алмастырып, өңдейді. Ал мына оқулықта біреудің тапсырмасын жазып және соған мемлекеттік қаламақы алып отыр»,- деп жазды Ольга Бутко өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Осы сынға Білім және ғылым министрлігі жауап берді. Олардың айтуынша, есеп 2015 жылы Т.А. Алдамұратованың авторлығымен шыққан кітаптан алынған екен.
«Т.А. Алдамұратова — 2015 жылы шыққан кітап пен биылғы жаңа кітаптың авторы. Өзінің үздік жұмыстарын жаңа кітапта қолдануға толық құқығы бар. Ол математика кітабын ең алғаш рет 2001 жылы құрастырды. 2017 жылғы кітаптар жаңарған білім беру бағдарламасына икемделгендіктен, қайтадан шығардық. Сол себепті көптеген тапсырмалардың маңызы жойылмастан, жаңа оқу кітабына енгізілді»,- деп хабарлады министрлік.
Министрлік соңғы кездері Whatsapp желісінде математика кітабындағы қисынсыз есептер туралы таратылып жатқан ақпараттардың да жалған екенін айтады.
Министрліктің хабарлауынша, суреттегі есептер Григорий Остер есімді балалар жазушысының кітабынан алынған екен. «Олардың еліміздегі мектеп оқулықтарына қатысы жоқ»,-дейді министрлік.