Науан Хазірет есімін халық құрмет тұтқанымен, Кеңес үкіметі кезінде ауызға алуға тыйым салынды. Соған қарамастан ол туралы көркем шығармаларда деректер аз жазылған жоқ. Атап айтқанда, А.Бөкейханұы, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов және С.Жүнісов еңбектерінде кездеседі.

Наурызбай Таласов ауыл мектебінде сауатын ашып, одан әрі Петропавл қаласындағы медреседе оқиды. Бұл жерде оны Бұқардағы жоғары рухани семинариясына ұсынған. Мұнда 15 жыл уақыт оқып, хадис ілімімен қатар шығыстың бай әдебиетін, философиясын игеріп, көне түрік, парсы, араб, өзбек, татар тілдерін жетіп меңгеріп шыққан. Бұқардағы ұстаздары оны медреседе қызметте алып қалғанымен, 1886 жылы Көкшетау мұсылмандар қауымы арнайы делегат жіберіп, Қазақстанға алдырған.

Н.Таласовтың халық арасында абыройы өте жоғары болған. Халық қаржысынан түскен ақшаға Көкшетауда жаңа мешіт салдырып, неке қию, жаңа туған нәрестені тіркеу сияқты рәсімдерді енгізген. Мешіт жанынан молдалардың білімін жетілдіру үшін оқу жұмыстарын жүргізіп, жанында интернаты бар медресе де ашқан. Хазіреттің өмірін зерттеп жүрген тарихшы Қадыржан Әбуов осында оқыған шәкірттер жайлы былай деген: «Медреседе діни білім мен қатар зиялы білім беру ісі де айтарлықтай деңгейде болды. Оқушылар оқу мен есептеуді, араб тілі мен орыс тілін қатар үйренді. Абай өлеңдерін жаттап, Ақан мен Біржан әндерін айтты. Әсіресе шығыс әдебиетін оқып-үйренуге көп ден қойылды…».

Хазірет өмірі Ресей патшалығының қазақ жерін отарлау кезімен тұспа-тұс келеді. «Патша бодандарының барлығы патшамен бір дінде болуы керек» деген идея көтеріліп, ол халық арасында ислам дінінің қорғаушысы ретінде танылады. Дегенмен, 1903 жылы шәкірті Шәймерден екеуіне «Өкіметтің қаулыларына  қазақтарды қарсы қоюшылар» — деп айыптап, Сібірге жер аударған.

Айдаудан қайтіп келген соң да Науан Хазірет Көкшетау қаласындағы имамдық қызметін жалғастырады, халық қаражатына тағы да мешіт салдырады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін әртүрлі қажеттіліктерге пайдаланылған мешіт бүгінде Ақмола облысының Науан Хазірет атындағы орталық мешіті саналып отыр.