Батыс Қазақстан облысының бірнеше мектебі жаңа оқу жылында жаңадан салынған және күрделі жөнделген ғимараттарда оқиды. Солардың қатарында Қазталов ауданы Қошанкөл орта мектебінің ұжымы да бар.
«1983 жылы іргетасы қаланған мектеп ғимараты күрделі жөндеуді күткен болатын. Облыс, аудан басшылары болып осы мәселені шешіп берді. Қуанышымызда шек жоқ. Жөндеу жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, мерзімінен бұрын аяқтап берген «БатысСтройСервис» ЖШС-ны алғысымызды білдіреміз. Биыл мектепке жас мамандар жұмысқа келді», – деді мектеп директоры Ернар Ильясов.
Қазталов орта мектебі жанындағы 100 орындық жаңа интернат құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа интернат салу мәселесі көптен бері көтеріліп, қаражат тапшылығынан жылма-жыл кейінге шегеріліп келген еді. Қыс мезгілінде бөлмелері суық және санитарлық талаптарға сай емес ескі интернатта ауылдан келген оқушылардың білім алып, тынығуына көп кедергі келтірілгені рас. Өткен жылдан бастап құрылысқа білек сыбана кіріскен мердігер мекеме «СәттіСәулет» ЖШС облыстық бюджеттен бөлінген 286 млн. 485 мың теңге қаражатты толығымен игеріп, екі қабатты жаңа нысанды сапалы салып берді.
Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков қатысты.
«Ағымдағы жылы аудан бюджетінің 51,3 пайызы білім саласына жұмсалуда. Оның ішінде 545 млн. теңге аудан мектептеріне құрал-жабдықтар алуға қаралды. Жаңартылған білім жүйесіне көшуді жүзеге асыру мақсатында барлық мектептер 140 миллион теңгеге жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілуде», -деді салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Қазталов ауданының әкімі А.Шыныбеков.